Фитосанитариялық талапқа сай келмейтін 6 тонна қияр Ресейге қайтарылды

Фото: pixabay

Карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау барысында жалпы көлемі 6 тонна болатын жаңа піскен қияр Ресей Федерациясына кері қайтарылды,деп хабарлайды ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.

Аталған шараны қабылдауға карантиндік өнімнің фитосанитариялық бақылау мен қадағалаудан заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес өткізілмеуі негіз болды.

Ауыл шаруашылығы министрлік фитосанитариялық талаптарды сақтау елдің карантиндік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, карантиндік объектілердің әкелінуі мен таралуының алдын алудың, сондай-ақ отандық агроөнеркәсіптік кешенді қорғаудың міндетті талабы екенін еске салады.

Осы ретте сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар өсімдіктер карантині саласында заңнама талаптарын қатаң сақтап, белгіленген бақылау рәсімдерінен уақтылы өтуді қамтамасыз етуі қажет.

-Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті (МИК) мемлекеттік шекара арқылы карантиндік өнімдерді тасымалдау кезінде карантиндік қауіпсіздікті қамтамасыз ету және фитосанитариялық талаптардың сақталуын бақылау жұмыстарын жалғастырыады, -делінген хабарламада.