Barys командасы Гонконгтағы рапид бойынша командалық әлем чемпионатында Магнус Карлсен командасын жеңді

FIDE World Team Rapid and Blitz Championships 2026 командалық әлем чемпионаты рапид турнирімен басталды. Қазақстандық Barys командасы турнирдің ең жарқын жеңістерінің бірін көрсетіп, әлемдік рейтинг көшбасшысы Магнус Карлсен ойнайтын WR Chess командасын 4:2 есебімен жеңді.

Barys командасына жеңіс ұпайларын Пётр Свидлер, Айлин Зарқым және Алуа Нұрман әкелді. Тағы бір маңызды тең нәтижені (қара фигуралармен) Рамазан Жалмаханов 2021 жылғы блиц бойынша әлем чемпионы Максим Вашье-Лагравқа қарсы жасады.

Сегіз турдан кейін Barys турнир кестесінде 12 матчтық ұпаймен үшінші орында тұр. Одан жоғары тек қытайлық Dragon Chilling (14 ұпай) және үндістандық Team MGD1 (13 ұпай) командалары.

Barys.kz командасының құрамында Дмитрий Андрейкин, Пётр Свидлер, Денис Махнев, Рамазан Жалмаханов, Даниял Сапенов, Ерғали Сүлеймен, Ксения Балабаева, Алуа Нұрман және әуесқой Айлин Зарқым бар. Команда капитаны — Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова.

Қазақстан шахмат федерациясы және оның бас демеушісі Freedom Holding Corp. Гонконгта екі командамен — Kazchess және Barys ұсынылған. Сегіз турдан кейін қазақстандық Kazchess командасы 11 ұпаймен төртінші орында тұр.

Kazchess құрамында Бибісара Асаубаева, Қазыбек Нөгербек, Алдияр Ансат, Меруерт Камалиденова және әуесқой Кұмар Түлепұлы ойнайды. Сондай-ақ команда үшін мықты шетелдік гроссмейстерлер: Шахрияр Мамедьяров, Александр Грищук, Рихард Раппорт және Ван Хао өнер көрсетуде. Kazchess капитаны — ҚШФ бірінші вице-президенті Дармен Садвакасов.


Рапид және блиц бойынша командалық әлем чемпионаты 17–21 маусым аралығында Queen Elizabeth Stadium аренасында өтуде. Рапид турниріне 48 команда қатысуда. Матчтар 6 тақтада өтеді, әр команда құрамында міндетті түрде бір әйел және Эло рейтингі 2000-ден төмен әуесқой ойыншы болуы тиіс. Турнир 12 раунд бойынша швейцар жүйесімен, 15+10 уақыт бақылауымен (партияға 15 минут + әр жүріске 10 секунд қосымша) өтеді.

Алда қатысушыларды рапид турнирінің соңғы төрт туры күтіп тұр. Олар аяқталған соң әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталады.