Ақ-Ирий қалашығынан Алтын орда дәуіріне қатысты жаңа деректер табылды

Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

Қозыбаев университетінің ғалымдары мен студенттері Солтүстік Қазақстандағы ежелгі «Ақ-Ирий» қалашығында жүргізілген биылғы археологиялық маусымның жұмыстарын аяқтады. 17 күнге созылған экспедиция барысында көптеген құнды деректер мен тың жаңалықтар жинақталды.

Қоныс Солтүстік Қазақстан облысындағы Долматово ауылының маңында биік үшбұрышты мүйісте орналасқан, үш жағынан 40 метрлік өзен жартастарымен қорғалған, ал екінші жағынан қорған бекіністерімен бөлінген. Ғалымдардың пікірінше, нысан қорғаныс қызметімен қатар діни рәсімдер өткізуге, шаруашылық жүргізуге, сауда қатынастарын дамытуға және шекаралық бақылауды жүзеге асыруға пайдаланылған.

Археологтар бұл нысанда 22 жылдан астам уақыт бойы зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Осы кезеңде өңірді мекендеген тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетінен сыр шертетін көптеген құнды жәдігерлер анықталды.

Биыл ғалымдар қалашық аумағынан табылған сүйек пен көмір үлгілеріне жүргізілген радиокөміртектік сараптама нәтижелерін алды. Зерттеу Литваның Вильнюс қаласындағы арнайы зертханасында жүргізілді. Органикалық материалдардың жасын анықтауға мүмкіндік беретін С14 радиоактивті изотопы бойынша жүргізілген сараптама қалашықтың Алтын Орда дәуіріне жататынын растады.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Ұлы дала көшпелі өркениетінің тікелей мұрагері екенін және Алтын Орда мұрасын зерттеу мен дәріптеудің маңызды екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Ақ-Ирий қалашығында жүргізілген зерттеулер орта ғасырларда Солтүстік Қазақстан өңірінде сауда-саттық пен өндірістің дамығанын көрсетеді.