Израиль Трамптың бейбіт келісіміне қарсы шықты

Бейбіт келісім бірінші күні-ақ жемісін бере бастады. Трамптың орынбасары Джей ди Вэнс осылай деп атой салды. Бірақ, Израиль соғыстың тоқтауымен келіспейді. Биньямин Нетаньяху Ливанға шабуылды үдете түсуге бұйрық берген. Ал, Израиль үкіметінің мүшелері Трампқа тіл тигізіпті. Оған АҚШ билігі: «Су үшкен құдығыңа түкірме», - деп жауап берді. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Иранмен соғыстың тоқтауы бүкіл әлем үшін пайда әкелді. Алғашқы күні-ақ, бүкәл жер-жаһан экономикасы қалпына келіп, тұрақтылық орнады. Ал, Таяу Шығыс осы күннен кейін адами танымастай өзгереді. Осылай деп жарияға жар салған Трамптың орынбасары Джей ди Вэнс мақтана жөнелді. Естеріңізге сала кетсек, Версаль сарайында АҚШ Президенті бейбіт келісімге қол қойды.

ДЖЕЙ ДИ ВЭНС, АҚШ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

Кешегі күннің өзінде Ормуз бұғазы арқылы 12,5 млн баррель мұнай тасмыалданды. Бұл дегеніміз АҚШ өз халықаралық міндеттемелерін орындап жатқанын көрсетеді. Қара алтынның бағасы соғысқа дейінгі межеге түсті. Иран да біздің кемелерімізге шабуылдамай, уәделерінде тұрды деп айта аламын. Ең бастысы, Иран өзінің ядролық бағдарламасынан бас тартты.

Жағдайдың бұлай өрбуіне Израиль наразы. Мемлекет басшысы, тіпті, Ливанға шабуылдың қарқынын арттыруға бұйрық берген. Осылайша, Трамптың саясатымен келіспейтіндігін көрсетіп отыр. Екеуінің арасындағы жанжал бір жарым айдан бері жалғасып келе жатқандығы туралы батыс басылымдарында біраздан бері жазылып келеді. Екі одақтас соңғы кезде ашықтан-ашық бір-бірін сынай бастады.

БИНЬЯМИН НЕТАНЬЯХУ, ИЗРАИЛЬ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Біз алған бетімізден таймаймыз. Осы саясатымызды жалғастыра береміз. Ливанның оңтүстігі – біз үшін қауіпсіз аймаққа айналуы тиіс. Сондықтан, бүкіл лаңкестің көзін жою керек. Ол мекеннен Израиль әскері ешқашан кетпейді.

Су ішкен құдығыңа түкірме. АҚШ вице-президенті Нетаньяхуға осылай деп жауап берді. Трамптың орынбасары өз сұхбатында Израиль басшысының шектен шығып бара жатқанын мәлімдеді. Себебі, Нетаньяху министрлер кабинетінің кейбір мүшелері АҚШ Президентін балағаттаған екен.

ДЖЕЙ ДИ ВЭНС, АҚШ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

Израиль осы уақытқа дейін қолданған қарудың 3/2 біз беріп отырмыз. Тіпті, ол үшін бір цент те алмадық. Әлемдегі басты мемлекеттің Президентін ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығып балағаттай аламыз десе, қателеседі. Жақсылықты ұмытып, өзімізге үретін иттерді біз ұнатпаймыз.

АҚШ-та бір аптада осымен үшінші рет ұшақ құлады. Техас штатында шағын джет автомобиль жолына түсіп, өртке оранды. Ұшақ ішінде 6 адам болған. Біреуі қаза тапты.