Кейінгі жылдары Қазақстан мен Черногория арасындағы сауда байланысы қарқын алған. Мәселен, 2025 жылы екі ел арасындағы алыс-беріс 3,2 млн АҚШ долларына жетті. Көрсеткіштің негізгі бөлігі Черногориядан келген импортқа тиесілі. Ал бұл сандары еселеп, қос тарапқа одан әрі қолайлы жағдай жасау жайы елордада талқыланды.
Тәуелсіздік сарайында елімізге ресми сапармен келген Черногория Президентін қарсы алу рәсімі өтті. Алдымен ресми делегация мүшелері таныстырылды. Қос елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Президенттер шағын құрамдағы келіссөздер өткізу үшін залға беттеді. Мемлекет басшысы бұл сапардың тарихи маңызға ие екенін атап өтті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Президент мырза, Қазақстанға ресми сапармен келгеніңізге өте қуаныштымын. Черногория мемлекеті басшысының алғашқы тарихи сапарына ерекше мән беріп отырмыз. Сондай-ақ мұны еліміз үшін өте маңызды уақиға ретінде қарастырамыз. Келіссөздеріміздің нәтижесі екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беретініне сенімім кәміл. Черногорияны халқымыз жақсы біледі. Көптеген азаматымыз жыл сайын Сіздің елде демалып, жақсы әсермен оралады. Орайлы сәтті пайдалана отырып, еліңіздің тәуелсіздік алғанына 20 жыл толуымен құттықтаймын.
Қара қыраттар елімен байланыс орнағанына 20 жылға жуықтады. 2024 жылғы тамызда Подгорица қаласында Қазақстан Республикасының Бас консулдығы ашылып, бұл оқиға екі ел ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтергені рас. Бас консулдықтың қызметі сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтіп, мәдени және гуманитарлық өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған.
ЯКОВ МИЛАТОВИЧ, ЧЕРНОГОРИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бұл сапар саяси тұрғыдан екі ел арасындағы сенім деңгейі жоғары екенін байқатады. Оның іскерлік бөлігіне жауапты Экономикалық палата да сапардың мазмұнды өтуіне мүдделі. Сауда палаталары арасында қол қойылатын Өзара түсіністік туралы меморандум тығыз экономикалық ықпалдастыққа тың серпін береді деп санаймын.
Тараптар көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және цифрландыру сияқты экономиканың басты секторларындағы байланысты да одан әрі дамыту мүмкіндіктерін қарастырды. Сонымен бірге, туризм, ғылым мен білім салаларындағы серіктестік те ілгерілемек.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Президент мырза, Сіз реформаларды ілгерілетіп, Еуропа Одағы мүшелігіне үміткер саналатын Черногорияның позициясын нығайтуда маңызды рөл атқарып келесіз. Осы ұлттық стратегиялық мақсатқа жету жолында табыс тілейміз. Қазақстан нарығына кіргісі келетін черногориялық компанияларды қуана қарсы аламыз. Кәсіпкерлеріңізге қолайлы жағдай жасауға дайынбыз.
Жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқан Президенттер Балқан түбегі мен Сарыарқа арасындағы байланысты одан әрі жандандыра түсетін құжаттарға қол қойды.