Күн сайын мыңдаған адамның өмірі қыл үстінде тұрады. Ал сол қылды үзбей, үміт отын қайта жағатын – ақ халатты абзал жандар. Әсіресе, адамға екінші өмір сыйлайтын трансплантологтардың жұмысы –нағыз ерлікпен тең. Шымкенттегі әріптесім Айзада Төребекқызы соңғы он жылдан бері 250 адамның бүйрегін, 30-дан астам жанның бауырын ауыстыруға белсене атсалысқан білікті маманмен тілдесті.
Отырар ауданының тұрғыны Сержан Балқыбековке бір жеті бұрын күрделі операция жасалды. 8 айдан бері гемодиализге тәуелді болған науқасқа інісі бір бүйрегін беруге келіскен. Ол өзінің туа бітті бір бүйрекпен дүниеге келгенін 17 жасында бір-ақ біліпті. 46 жастағы азамат жалғыз бүйрегі қазан айынан бері жарамай, азапқа толы күн кешіп едім дейді. Бар қиындық алтын қолды дәрігерлердің арқасында көрген түстей артта қалды деп қуанады. Операция ақысыз тегін жасалған.
СЕРЖАН БАЛҚЫБЕКОВ, РЕПЕЦИЕНТ:
Медицина қызметкерлеріне рақмет барлығына. Алғысым шексіз. Бұл кісілер қолдан келгеннің бәрін істеді. Сөйтіп осындай өмірге қайта келгендей болып отырмыз қазір. Бәрі артта қалды.
Сержан Балқыбековке екінші өмір сыйлаған Шымкенттегі № 1 клиникалық аурухананың хирург-трансплантолог дәрігері - Рахымжан Үмбетжанов. 10 жылдан бері осы ауруханада еңбек етіп келеді. Әу баста жалпы дәрігер болуды қалап оқуға түскен Рахымжан хирургты көздемегенін жасырмайды. Оның трансплантология саласын таңдауына практика кезінде бауыр циррозы, бүйрек жетіспеушілігі сынды ауыр диагноздағы науқастарды жиі көз жұмуы түрткі болғанын айтады. Сол кезде Беларусь елінен келген білікті мамандар себеп болып, осы саланы шетелде екі жыл терең оқып келіпті. Осылайша өз елімізде адамдарға екінші өмір сыйлап жүр.
РАХЫМЖАН ҮМБЕТЖАНОВ, ХИРУРГ-ТРАНСПЛАНТОЛОГ ДӘРІГЕР:
Бұл өте қауіпті, өте ответственно және трансплантация деген сала ощибку не прощает деп айтады, қателікті кешірмейтін нәрсе. Сол себептен бірақ трансплантацияда ұзақ уақыт болады. Мысалы, бүйректің өзі 5-7 сағат болады, бүйрек трансплантациясы 15-20 сағатқа дейін болады. Бірақ сол шаршағаныңды басатын біз адамға өмір сыйлағаныңда сонда біз алатын нәріміз, бір адамға көмектескен ол әлемді құтқарғанмен бірдей деп ойлаймын.
Соңғы он жылда Рахымжан Жолдыбекұлы Шымкентте жолға қойылған ағза алмастыру операцияларының басы қасында жүрген білікті мамандардың бірегейі. Мегаполисте өз кезегін күтіп жүрген науқастар аз емес. Бәріне бірдей донор табыла бермейді.
РАХЫМЖАН ҮМБЕТЖАНОВ, ХИРУРГ-ТРАНСПЛАНТОЛОГ, ДӘРІГЕР:
Егерде мәйіттік трансплантациясын дамытатын болсақ осы науқастарға екінші өмір сыйлайтын едік. Осы науқастар біреудің әкесі, біреудің шешесі. Трансплантация мәселесін таңдағаным осы елге көмектесіп және елдің батасын алып елімізді құтқарсақ деген үміттеміз.
Айта кетейік, бүгінге дейін №1 клиникалық ауруханада 250-ден астам адамның бүйрегі алмастырылып, отыздан астам жанға бауыр трансплантациясы жасалған. Хирург-трансплантолог ағза алмастыруды қажет ететін қаншама жанға өмір сыйлауға әзір.