Ал Алматының орталық клиникалық ауруханасының травматология бөлімшесінде жыл басынан бері мыңға жуық операция жасалды. Дәрігер Берік Ирғалиевтің айтуынша, қабылдау бөліміне бір күннің өзінде орта есеппен 100-ге жуық науқас жүгінеді. Көп жағдайда шұғыл хирургиялық ота жасалып, олардың өмірі үшін күрес жүргізіледі. Жалпы, бөлімшеде тәулігіне орта есеппен 6 адамға операция жасалады екен. Осылайша ақ халатты абзал жандар ем іздеген адамдарға екінші мүмкіндік сыйлап жүр.
БЕРІК ИРГАЛИЕВ, ТРАВМАТОЛОГ:
Біздің ауруханада күн сайын түрлі деңгейдегі күрделі операциялар жасалады. Науқастардың басым бөлігіне шұғыл хирургиялық ота қажет болады, өйткені консервативті ем сирек қолданылады. Ауыр халде жеткізілген науқастар алдымен жансақтау бөлімінде ем алып, жағдайы тұрақтанғаннан кейін ғана профильдік бөлімшеге ауыстырылады.