5 мың сәбидің кіндігін кескен акушерді ауыл болып құттықтады

Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау саласында 40 жыл тер төккен Сара Ниетқалиева 5 мыңнан астам сәбидің кіндігін кескен. Бүгінде ол - ауылдастары мен әріптестерінің арасында аңызға айналған акушер. Ауылдың жүкті әйелдерін қалаға жібермей-ақ, амбулаторияның бір бөлмесінде өзі босандырып алатын "қолы жеңіл" дәрігер бүгінде 85 жасқа толып отыр.

Ауылдастары Сара Ниетқалиеваны "қолы жеңіл" деп мақтайды. Өйткені уақытпен санаспайтын маманға телефон мен дайын көліктің жоқтығы кедергі болмаған. Толғақ қысқан әйелге тез жету үшін атқа салт мініп, тіпті түйенің өркешіне жармасып, жолай кезіккен көлікпен кете беретін. Осылайша 5 мыңдай сәбиді аман-есен босандырып алған.

САРА НИЕТҚАЛИЕВА, ЕҢБЕК АРДАГЕРІ:

Баланың теріс келгенін байқаймын, қолмен қараймыз. Рентгенге де жібермейміз. Қазір ай сайын УЗИ-ге жібереді ғой. Бізде онда УЗИ деген жоқ. Қазіргідей байланыс жоқ, телефон жоқ, дәрігер шақыртайық десең, дым да жоқ. Хирург те өзім, детский педиатр да өзім, терапевт те өзім. Акушер-гинеколог та өзім. Бәрін өзім жасадым. Медсестра да өзім.

Аңызға айналған акушер өз тәжірибесінде ана мен бала өліміне жол бермегенін айтады. Әр шаңырақта кемінде он баладан өретін сол кездің ауылдарында ай сайын 20 шақты келіншек босанады екен. Осылайша әрбір үшінші сәбидің кіндігін кесіпті. Қазір кейуана зейнет демалысында. Бірақ кеңес сұрап келетіндер әлі көп.

ГҮЛЗИРА ҚАЖЫМҰРАТОВА, ҚЫЗЫ:

Анамның мамандығы акушер фельдшер болғанымен, ол бала болсын, жас болсын, кәрі болсын, анама келеді екен. Ауылдың үлкен кісілері ауырып қалса, бізге ешкім керек емес, Сараны алып кел, тек қана Сараға егілемін деп айтты деп келіп, апамды алып кететін уақыттары болды. Ол кісі еш уақытта да уақытпен санасқан жоқ. Түнгі екі, үш, төртте вызовтан келеді. Таңертең еш қандай қабағын шытпай, жұмысына кетеді. Уақытпен санаспайды.

Құрбыларымен қол ұстасып ортаға шыққан аңыз акушердің 85 жасқа толғанын ауыл болып тойлады. Кезінде өзі босандырған «кіндік балалары» мен олардың ұрпақтары әжесіне гүл сыйлап, ерекше ықылас танытты. Бірнеше буынның анасын халқы осылай құрметтеді.