Елімізде әскери қызметті мамандық ретінде таңдаған жастардың қатары көбейіп келеді. Бүгінде әрбір оныншы сарбаз келісімшарт негізінде қызметін жалғастыруда. Сондай-ақ әскери борышын өтеп жүрген жастар жоғары оқу орындарының білім гранттарын иеленуге мүмкіндік алып отыр.
Биыл 700-ге жуық сарбаз Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде келісімшартпен қызметін жалғастыруға шешім қабылдаған. Соның ішінде елордалық 5573 әскери бөлімінен жүзге жуық сарбаз кәсіби әскери қызметкер атануды мақсат етіп отыр. Олардың арасында әскерге өз еркімен келіп, қысқа мерзім ішінде әскери машықтарын жетілдірген жастар да бар.
МАРЛЕН ЖҰМЕТКЕН, САРБАЗ:
Мен осы 5- оқу ротасында жас сарбаздараға көмек беріп оқу пунктіне дайындау білмеген заттарын үйрету жауапкершілігім. Әскерге келгенде көп зат үйренесің. Біріншіден уақыт үнемдеу, жауапкершілік алу, қзіңді алып жүру деген сияқты.
Келісімшарт негізінде қызметін жалғастырған сарбаздар тұрақты жұмыспен және әлеуметтік кепілдіктермен қамтылады. Сонымен қатар әскери борышын өтеп жүрген жастар жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне де ие. Биыл елордалық құраманың 14 сарбазы мемлекеттік білім грантын жеңіп алған.
НҰРБЕК КЕЛІБЕК, САРБАЗ:
Бала кезімнен осылай форма киюдді армандадым. Әскери бөлімшеде қызмет етуді. 6 ай өткен соң контрактпен жұмыс істеу мақсатында қалдым.
Кез келген сарбаз бірден жауапты лауазымға тағайындала бермейді. Келісімшартқа отыру үшін үміткерлердің психологиялық дайындығы мен ұжымда жұмыс істей алу қабілеті қатаң тексеріледі.
ЖҰМАҚОЖА ҚАДЫРҚОЖА, 5573 ӘСКЕРИ БӨЛІМІНІҢ РОТА КОМАНДИРІ:
Ең бірінші, сарбаздың қызмет етуге деген құлшынысы, өзінің ынтасы болуы керек. Лауазымға қояр алдында сарбаздармен іскерлік-моральдық қасиеттеріне қараймыз. Одан кейін жеке құраммен басқа адамдармен қалай жұмыс істейді.
Бүгінде 7 мыңнан астам ұландық еліміздің 21 қаласында қоғамдық тәртіпті күзетсе, тағы 2 мыңнан астам сарбаз мемлекеттік маңызы бар нысандар мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің қауіпсіздігін сенімді қамтамасыз етіп келеді.