16 мың қойылым және 2,8 миллион көрермен: Қазақстан театрларына қызығушылық артып келеді

  • AstanaTV
  • 19 маусым 2026

Елде театр өнеріне деген ықылас пен шығармашылық серпін жыл санап артып келеді. Жаңа маусымның шымылдығы түрілгеннен 16 мыңнан астам қойылым сахналанып, оны 2 миллион 800 мыңнан астам өнерсүйер қауым тамашалады. Биыл мемлекеттік ұжымдар репертуарлық қорды байытып, талғампаз көрермен назарына 410 жаңа туынды ұсынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәдениет пен өнерді өркендету, ұлттық болмысты ұлықтау жөніндегі тапсырмалары аясында Максим Горький атындағы орыс драма театрына «Ұлттық» мәртебесі берілсе, Сәбит Мұқанов атындағы өнер ордасы «Академиялық» ұжым қатарына қосылды. Мұнымен қатар, материалдық-техникалық базаны жаңғырту мақсатында Мұхтар Әуезов және Наталия Сац атындағы қара шаңырақтардың ғимараттарында ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Айта кетейік, қазір Қазақстанның рухани кеңістігінде 59 мемлекеттік театр халыққа қызмет көрсетсе, онда 8 мыңнан астам өнер майталманы еңбек етуде.