Жаз мезгілінде балалардың терезеден құлау жағдайлары жиілейді

Астанадағы көпқабатты тұрғын үйлердің терезелеріне блокираторлар орнатылып жатыр. Ондағы мақсат – балалардың терезеден құлап кету қаупін болдырмау. Қала билігі құзырлы орган өкілдерімен бірлесіп жыл басынан бері мыңнан астам блокиратор орнатып үлгерген. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. 

Жазғы демалыс кезінде балалардың көбі әдетте үйде жалғыз қалады. Ондай кезде олардың терезеден құлап кету қаупі – басым. Оның үстіне, тұрмысы нашар отбасылардың дені – терезелерге арнайы қоршау орнатпайды. Жағдайлары жетпей жатады. Осыны ескерген қала билігі  төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, қаупісіздік шараларын өткізіп жатыр.  

АМАНЖОЛ ҚАДІРБЕКОВ, САРАЙШЫҚ АУДАНЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ ИНЖЕНЕРІ:

Көп үйлерде маскетный сеткалар орнатылған. Ол балалардың терезеден құлауынан құтқармайды. Оған арнайы блокираторлар орнатылуы керек терезеге. Биылғы жылдың өзінде жергілікті атқару органдарымен бірлесе отырып, біз мыңнан астам блокиратор орнаттық. Әлеуметтік осал топтағы отбасыларға және де көп балалы отбасыларға, жас балалары бар отбасылардың терезелеріне орнаттық.

Түсіндіру жұмыстары тұрғын үйлерде, мектептерде және балабақшаларда жүргізіледі.

МҰҚАН ЖАНАСОВ, САРАЙШЫҚ АУДАНЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ УЧАСКЕЛІК ИНСПЕКТОРЫ:

Осы қазіргі болып жатқан қауіпсіз терезе бойынша біз жүйелі түрде тұрғындар чатына, сондай-ақ мынау тұрғыцндармен кездесу өткен кезде міндетті түрде осы кішкентай балалардың терезеден құлау фактілері бойынша, тағы сол сияқты сұрақтарды жүйелі түрде айтып, тұрғындармен профилактикалық сұрақтар жүргіземіз.

Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Яғни, балаларды қараусыз қалдырмау, терезелерге арнайы бекіткіштер орнату және терезе маңына бала шығып кетуі мүмкін жиһаздарды қоймауды ескертеді.