Балқашта полицейлер көл ортасында қалған тұрғынға дер кезінде көмек көрсетті

Polisia.kz

 "Balqash Tour Fest –2026" фестивалі кезінде Қарағанды облысы полициясының қызметкерлері көл ортасында қиын жағдайға тап болған азаматқа дер кезінде көмек көрсетті.

Балқаш қаласының тұрғыны Руслан фестиваль өтетін орынға ерекше жолмен жетуді ұйғарып, көлдің бір жағалауынан екінші жағалауына ескекті қайықпен жүзіп өтпек болған. Алайда жоспарланған сапар күтпеген жағдайға ұласты. Жағалаудан шамамен үш шақырым алыстаған кезде ол қатты шаршап, қозғалысын әрі қарай жалғастыра алмай қалған. Осы сәтте фестиваль қатысушылары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген Қарағанды облысы полиция департаментінің табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері көл акваториясын патрульдеу барысында жағалаудан алыс жерде тұрған байдарканы байқаған. Жақындап келген тәртіп сақшылары әбден қалжыраған азаматтың көмекке мұқтаж екенін анықтаған. Полицейлер уақыт оздырмай Русланды моторлы қайыққа отырғызып, қауіпсіз жерге жеткізді.

– Фестивальге ерекше жолмен жеткім келді. Бір мезетте ескек есуге шамам жетпей кетті. Күн де бата бастаған еді. Сол кезде полиция қызметкерлері дер кезінде көмекке келді. Оларға шын жүректен алғыс айтамын, – дейді Руслан.

Қарағанды облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Дәулет Досмақовтың айтуынша, фестиваль барысында көл акваториясы үздіксіз бақылауда болған.

– Патрульдеу кезінде жағалаудан едәуір қашықтықта орналасқан байдарканы байқадық. Жақындап келгенде азаматтың қатты шаршағанын және өздігінен қозғала алмайтынын анықтадық. Қауіпсіздік мақсатында оны жағалауға жеткіздік, – деді ол.

Айта кету керек, фестиваль күндері полиция қызметкерлері күшейтілген тәртіпте қызмет атқаруда. Олар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп қана қоймай, азаматтарға қажетті көмек көрсетіп, демалушылардың қауіпсіздігін бақылауда ұстап келеді. Фестиваль өткен уақыт ішінде полицейлер адам көп шоғырланған орындарда ата-анасынан адасып қалған 16 баланы тауып, жақындарына табыстады. Бұл оқиға полиция қызметкерлерінің азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әрдайым қырағылық танытып, қажет болған жағдайда көмекке келуге дайын екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.