Атырауда 83 жасөспірім ата-анасының қарауынсыз жүрген

Polisia.kz

Республика көлемінде "Түнгі қаладағы балалар" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Іс-шараның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың қатысуымен жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу және ата-аналардың жауапкершілігін арттыру. Рейдтік және профилактикалық жұмыстар барысында бір тәуліктің өзінде жасөспірімдерге қатысты және олардың қатысуымен жасалған 100-ден астам құқық бұзушылық дерегі анықталды. Сонымен қатар 20-ға жуық кәмелетке толмаған жасөспірім ішкі істер органдарына жеткізілді. Тексеру нәтижесінде түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қарауынсыз жүрген 83 жасөспірім анықталды. Аталған фактілер бойынша олардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қабылданды. Полиция қызметкерлері рейд барысында ойын-сауық орындарын, қоғамдық орындарды және халық көп шоғырланатын аумақтарды тексеріп, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Құқық қорғау органдары ата-аналарды балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың жүрген ортасы мен айналысатын ісіне тұрақты бақылау жасауға шақырады. Себебі жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен тәртібі ең алдымен отбасындағы тәрбие мен ата-ананың жауапкершілігіне тікелей байланысты. Мұндай профилактикалық іс-шаралар кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамдағы құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталған.