Құрғақ сүт өнімдері арасына телефон жасырған

Polisia.kz

Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №58 мекемесінде тыйым салынған заттарды алып өту әрекетінің жолы кесілді.

19 маусым күні сағат 15:05 шамасында Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №58 мекемеде алдын ала алынған жедел ақпаратты іске асыру мақсатында жедел-режимдік іс-шаралар ұйымдастырылды. Іс-шара барысында ұзақ мерзімді кездесуге келген азаматша жазасын өтеушімен кездесу үшін алып келген жеке заттары мен азық-түлік сәлемдемелеріне мекеме қызметкерлері мен ВЧ-5513 әскери бөлімінің бақылау-өткізу тобы бірлесіп мұқият тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесінде қара түсті полиэтилен пакет ішінен, құрғақ сүт өнімдерінің арасына жасырылған тыйым салынған заттар анықталды. Атап айтқанда, қораптарға салынған жалпы саны алты телефон табылып, тәркіленді. Тексеру барысында азаматқа мекеме аумағына тыйым салынған заттарды алып кіруге заңмен қатаң тыйым салынатыны, сондай-ақ мұндай заттарды өз еркімен тапсыру тәртібі түсіндірілді. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақырылып, тиісті процессуалдық шаралар қолға алынды. Сонымен қатар аталған дерек бойынша кезекші бөлімге, Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне және облыстық прокуратураға белгіленген тәртіппен хабарлама жолданды. Тәркіленген заттар заң талаптарына сәйкес рәсімделіп, материалдық дәлелдеме ретінде тіркеуге алынды. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне тыйым салынған заттарды заңсыз алып кіру әрекеттерінің алдын алу, анықтау және жолын кесу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Мекемелердегі қауіпсіздік режимін қамтамасыз ету және бақылау шараларын күшейту бойынша жұмыстар тұрақты негізде жүргізілуде.