Ақтөбеде кенеттен соққан алай-дүлей дауыл қалада үлкен шығынға әкелді. Қатты жел ағаштарды тамырымен жұлып, ғимараттардың шатырларын ұшырып, бірнеше ауданда электр жарығын өшірген. Кей жерлерде желдің екпіні көліктерді аударып, көшелердегі сәндік нысандарды домалатып әкетті. Қазір коммуналдық қызметтер мен мердігер мекемелер апат салдарын жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аудан аумағында 80-ге жуық ағаш құлап, жолдар мен жаяу жүргіншілер жолдарын жапқан. Қазіргі уақытта екі арнайы бригада күшейтілген режимде тәулік бойы жұмыс істеуде. Сондай-ақ аудан бойынша санитарлық тазалыққа жауапты тоғыз мердігер мекеме құлаған бұталар мен жел ұшырған қоқыстарды жинауға жұмылдырылған. Ауа райының қолайсыздығы мұнымен аяқталған жоқ. Бүгін Ақтөбе қаласына қарасты Ақшат және Шилісай ауылдарында жұмыртқадай ірі бұршақ жауды. Синоптиктер өңірде алдағы күндері де жауын-шашын мен қатты жел сақталуы мүмкін деп отыр.
МИРАС ӘЖІБАЕВ, АСТАНА АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Астана ауданы бойынша қазіргі таңда 80-ге жуық үлкен тал құлап, көше, жолдарды және жаяу жүргіншілер жолдарын жауып қалған болатын. Қазіргі таңда екі бригада күшейтіліп, күндіз-түні жұмыс жасап жатыр. Сонымен қатар, ауданымыздағы санитарлық тазалыққа жауапты 9 мердігер мекеме барлық аудан бойынша ұшқан қоқыстарды, сынған басқа да бұталардың барлығын жинап шығаруда. Жұмыс күндіз-түні жүргізіліп жатыр.