Ағаштар мен гүлдердің орнына суық бетон. Павлодар шенеуніктері қаладағы саябақтың бүкіл аумағын бетондап, оған 368 миллион теңге жұмсамақ болған. Бірақ бюджеттің миллиондарын негізсіз шашпақ болғандардың бұл жоспарын облыстық прокуратура тоқтатты. Мемлекеттік сатып алудың сметалық құжаттарын тексерген прокурорлар жағасын ұстады. Әкімдік жалпы аумағы 25 мың шаршы метр болатын гүлзардың әрбір сантиметрін, тіпті ағаштар мен топырақты тұстарын да бетон плиталармен жауып тастамақ болған. Ол үшін қажеттіліктен бірнеше есе көп материал жазылған. Арнайы өлшеу жұмыстарынан кейін саябаққа іс жүзінде 9 мың шаршы метр ғана плитка керек екені анықталды. Осылайша, шенеуніктер жоба көлемін әдейі асыра көрсеткен.
ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ПРОКУРАТУРАСЫ:
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімі тоқтатылып, кінәлі лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Павлодар қаласының прокуратурасы заңдылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік мүдделерді қорғау және бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын бақылау бағытындағы жұмысын жалғастырады.