Шымкент қала күнін дүркіретіп тойлады

Елдегі үшінші мегаполис Шымкент - қала күнін биыл ерекше тойлады. Бірнеше саябақ салтанатты түрде ашылып, қолданысқа берілді. Ал кешкісін екі күн қатарынан Астана алаңына жиналған жұртшылық танымал эстарда жұлдыздарының өнерін тамашалады. 

Қала күнінде мегаполиске Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев арнайы келді. Ол әуелі Шымкент әуежайының жұмысымен танысты. Мұнда  қазір екінші ұшу-қону жолағының құрылысы жүргізілуде. Бұл жоба қаланың әуежайын халықаралық деңгейдегі заманауи мультимодальды хабқа айналдыру бағдарламасының маңызды бөлігі болып табылады.

Жаңа ұшу-қону жолағының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ұзындығы -3,9 шақырым, ал ені -75 метр. Қазіргі таңда жұмыстың 20 проценті аяқталған.

РОЛАН ИБРАГИМОВ, ҚАЛАЛЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Барлық тип самолеттарды қабылдауға мүмкіндік болады. Бұл үшінші категория болады, яғни  тұман, ноловей видимость болсада самолеттарды  қабылдай береміз.

Қала күні Шымкентте бірнеше саябақ ел игілігіне берілді. Соның бірі мегаполистің ең көне демалыс орындарының бірі – «Қиял Әлемі» саябағының орнында бой көтерген жаңа қоғамдық кеңістік – «City Park» салтанатты түрде ашылды. Жоба қалалық ортаны кешенді жаңғырту аясында жүзеге асырылып, халықтың барлық санатына қолжетімді әрі жаңа форматтағы заманауи қоғамдық кеңістіктер қалыптастыруға бағытталған.

БИБІФАТИМА ҚАМЫТБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қандай керемет. Халыққа деген мынау жағдай жасағандары өте керемет. Баяғына жан жағының бәрін мұның бекітіп тастаған еді, қазір мінекей жан жағы ашық.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары мен шаһар әкімі бастаған топ мұнан соң халықаралық деңгейдегі жапон саябағын ашты. Аумағы 2,3 гектарды құрайтын бірегей қоғамдық кеңістік бұрынғы «Кең баба» саябағының аумағында бой көтерді. Жапон саябағының тұжырымдамасы адам мен табиғат арасындағы үйлесім философиясына негізделген.

ҚАРЛЫҒАШ ЕСҚАЗЫҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Әсеріміз керемет. Парк вообще басқаша өзгеріп кеткен. Іші енді прям Жапонияда жүргендейміз, кемерет.

Бұл күні аумағы 45 гектар бұрынғы қоқыс полигонының орнындағы ең ірі экопаркт те ашылды. Құрылысы 2024 жылдың қазан айында басталған жоба қалалық ортаны жаңғыртудың ең ауқымды үлгілерінің біріне айналып отыр.

ӘБІЛХАЙЫР ОҢҒАР, ҚАЛАЛЫҚ ЖАЙЛЫ ОРТАНЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

19 түрлі жәй жапырақты ағаш көшеттері егіліп, қазіргі уақытта серуендейтін аймағы, жасанды көл аймағы, сонымен қатар серуендеушілерге арналған орындықтар, жарықтармен қамтамасыз етілді. Бұл жұмыстардың барлығы қала әкімінің тапсырмасына сәйкес жүргізілді.

Ал «Этно-Шымкент» фестивалі аясында «Шымқала» этноауылының бірінші кезеңінің салтанатты ашылуы өтті. Жаңа мәдени-туристік кешен жеке инвестордың қаржысы есебінен салынған. Жоба қаланың туристік тартымдылығын арттыруға, ұлттық мұраны сақтауға және заманауи шығармашылық бастамаларды қолдауға бағытталған. Қазірдің өзінде алыс –жақын елдерден туристер де ағылуда.

НИЗАМИ МЕХДИЕВ, ТУРИСТІК КОМПАНИЯ ЖЕТЕКШІСІ, БАКУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біз Шымкентті жақыннан тануға арнайы келдік. Мұндағы адамдар да жылы қабылдап жатыр. Қазақстанды мейлінше жақын тануға Әзірбайжан елінің де қызығушылығы басым. Біз үшін Шымкент жаңа бағыт.

Қала күні Астана алаңында ұйымдастырылған гала-концертпен қорытындыланды. Мұнда танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.