Екі күнде Балқаштың жағажайына 75 мыңға жуық адам жиналды

Балқаш жағалауында ине шаншар орын болмады. Биылғы жаздың ең ауқымды шарасы «Balkhash Tour Fest - 2026» фестивалі аяқталды. Қос күн ішінде көл жиегіне 75 мыңға жуық адам жиналған. Рекордтық қазыбургер әзірленіп, ал аспанды бес жүз дрон бағындырған. Екі күн бойы көл жағасы үлкен мерекелік кеңістікке айналды. Толығырақ тілші материалында.

Фестивальдің алғашқы күні-ақ жағажайға 35 мыңнан астам демалушы ағылды. Екі күнде бұл көрсеткіш екі есеге ұлғайған. Келушілердің арасында отандастарымыздан бөлек, алыс-жақын шетелден арнайы келген саяхатшылар да көп. Ауқымды жобаны бақылауға өңір басшысы да келді. Алаңды аралап, дайындықты көрген облыс әкімі Балқаштың туристік әлеуетін көтеру басты назарда екенін жеткізді. Мұндай шаралар аймақтың экономикасына да тікелей әсер етпек.

ИРИНА ЛЮБАРСКАЯ, ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Қазір мемлекет туристік аймаққа су, жарық және кәріз жүйесін жүргізу жұмысын қолға алып отыр. Қызығушылық танытып жатқан инвесторлар қатары артып келеді. Мәселен, соңғы жылдары инвестиция көлемі 2-ден 30 миллиард теңгеге дейін өсті.

Алаңның бір шетінде спорт сүйер қауым бас қосты. 300-ге жуық қатысушы су айдынында бақ сынасты. Жүзушілер 1 және 3 шақырымдық қашықтықта өзара мықтыны анықтады.

ҚАЙРАТ МЫРЗАБАЕВ, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:

Осы жылы әр отдел, отдел образования, отдел культуры, отдел спорта, бәрі бірігіп бір топпен осындай үлкен үлес жасадық.

Ал бас сахнада Қазақстан мен Ресейден келген жас бишілердің додасы қызды. Олар Шанхайдағы халықаралық лагерьдің жолдамасына таласты 

СЕРГЕЙ ЦЫРУЛЬНИКОВ, АЛЫП КҮШ ИЕСІ, ӘЛЕМДІК РЕКОРДТАР ИЕСІ:

Balkhash Tour Fest - тарихи маңызы мен мазмұны терең, өзіндік ерекшелігі бар фестиваль. Қазақстанда мұндай жобаларды жиі өткізу қажет деп есептеймін. Балқаш өңірінің туристік әлеуетін танып-білуге мүмкіндік беретін тамаша алаң.

Биылғы шараның бағыты - экология. Осы мақсатта халықаралық еріктілер форумы ұйымдастырылып, белсенділер «Таза Қазақстан» акциясын тиімді жүргізудің жолдарын талқылады.