Трамп: «Нетаньяхудың көзін құртамын»

Иранмен келіссөздер жақсы жүріп жатыр. Бастапқы қадамды сәтті жасадық. АҚШ вице-президенті Джей ди Вэнс осылай деді. Ал, Трамп Нетаньяхудың көзін жоямын дейді. АҚШ Президенті Ливандағы соғыстың тоқтамай тұрғанына наразы. Энергетикалық сауатсыздық пен қаптаған мигранттар. Еуропаның түбіне осы жетеді. Ақ үй басшысы Кәрі құрлықтың болашағына да болжам жасады. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Иран ядролық бағдарламадан бас тартуға дайын. Келіссөз жақсы басталды. Трамптың орынбасары Швейцарияда бейбіт саммиттің бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша үлкен сұхбат берді. АҚШ, өз кезегінде, Иранның бұғатталған активтерін қайтаруға көмек береді.

ДЖЕЙ ДИ ВЭНС, АҚШ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

Иран МАГАТЭ мамандарын өз ядролық нысандарының барлығына кіргізуге келісті. Яғни, талай жылдан кейін, нағыз тәуелсіз бақылау қамтамасыз етіледі. Бұның өзі – үлкен жеңіс. Жалпы, Таяу Шығыста бейбітшілік пен тұрақтылықты орнату үй салумен тең. Бүгін соның берік іргетасын қаладық деп айта аламын.

Нетаньяхудың көзін құртамын. Трамп Израильдің Ливандағы басқыншылық әрекеттерінің тоқтамағанына наразы. Айта кетейік, АҚШ пен Иран арасындағы бейбіт келіссөздерде, Ливандағы соғыстың тоқтауы да басты шарттардың бірі ретінде көрсетілген.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Әлбетте, мен барлық проблемаларды шешетін адаммын. Қазір, Нетаньяху бір проблемаға айналды. Себебі, менің айтқанымды тыңдамай, Ливанда бейбіт адамдарды өлтіріп жатыр. Хезболла деп далбасалай береді. Негізі Ливанда бірде-бір лаңкес қалмаған. Сондықтан, Ливанға баса-көктеп кіруін тоқтатпаса, оның да көзін құртамын.

Ұлыбританияны да, жалпы, Еуропа құрлығын да энергетика мен мигранттар құртады. Трамп Кәрі Құрлықтың болашағына қатысты үлкен болжам жасады. Әңгіме, Ұлыбритания Премьер-министрі Кир Стармерден басталды. Ол лейбористік партия төрағасы қызметінен кетті. Ел басқаруы да кезектен тыс сайлауға дейін жалғаспақ.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Кир Стармер негізі жақсы адам. Бірақ, оның саяси жұмысы көңілімнен шықпайды. Иранмен соғыста маған үлкен кедергі жасағанын білесіздер. Ал, осы Ұлыбританияның солтүстік теңізде ұлан-ғайыр жері бар. Онда мұнай тола. Бірақ, өздері бар нәрсені өндірмей, Норвегиядан импорттайды. Себебі, надандардың жетегінде кеткен. Ұлыбританияны да жақсы көремін. Бірақ, бұл елді энергетика мен иммигранттар түбі құртып тынады.

Еуропаны да аптап ыстық әбігерге салды. Әсіресе, Испания жұрты қатты зардап шекті. Пириней түбегінде ауа температурасы 44 градусқа дейін жетті. Жалпы, бүкіл Батыс Еуропада төтенше жағдайдың қызыл түсті режимі енгізілді.