Құны 12 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды

  • AstanaTV
  • 24 маусым 2026

Құны 12 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды. Мемлекет басшысының Бельгияға сапарында экономикалық реформалар мен жаңа ынтымақтастық жайы сөз болды. Транскаспий дәлізінің дамуы, инвестиция мен инновациялар тарту бойынша серіктестіктер туралы тілші тарқатсын.

Былтыр ел экономикасының өсімі 6,5 пайызға жеткен. Отандық нарықта 4 мыңға жуық еуропалық компания табысты жұмыс істейді. 

Қазіргі уақытта экономикамыздың 40 пайызға жуығын шағын және орта бизнес өкілдері құрайды. Олар негізгі капиталға салынатын инвестицияның шамамен 70 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Ал Қазақстан қаржы құю үшін қолайлы жағдай жасаған.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүгінде Еуропалық Одақ еліміздің ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі саналады, оның үлесіне Қазақстанға шетелден тікелей тартылған инвестицияның жартысына жуығы тиесілі. Тек өткен жылдың өзінде екіжақты тауар айналымы 45 миллиард доллардан асты. Бұл жетістік халықаралық деңгейде мойындалды. БҰҰ Сауда және даму ұйымының (ЮНКТАД) дүниежүзілік инвестициялар туралы соңғы есебіне сәйкес, Қазақстан шет елден тікелей инвестиция тарту бойынша Орталық Азияда бірінші орынға ие, сондай-ақ посткеңестік кеңістік пен теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер арасында көшбасшылықты сақтап келеді.

Тауар жолының да даму бағыттары да айқындалды. Қос тарап арасында құны шамамен 1 миллиард доллар болатын логистикалық инфрақұрылым саласындағы келісім құпталды. Транскаспий  дәлізінің жүк өткізу қабілетін 10 миллион тоннаға дейін ұлғайту көзделген. Мәселен, Қазақстан кейінгі 15 жылда көлік және логистика инфрақұрылымына 35 миллиард доллардан астам қаржы салды. Бұл тауар айналымының қарқынын сақтау жолындағы маңызды қадам.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз инфрақұрылымға, атап айтқанда, мыңдаған шақырым темір жол салуға және Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға қомақты қаржы құйып жатырмыз. Бұл күш-жігеріміз Еуропалық Одақтың Global Gateway стратегиясымен үйлесіп, Орта дәлізді еуразиялық қауіпсіз байланысқа арналған негізгі әрі орнықты магистральға айналдырады.

Қазақстан Еуропалық Одақ аса маңызды шикізат ресурстарының тізбесіне қосқан 34 минералдың 21-імен қамтамасыз етуге әзір. Президент Стратегиялық ресурстарға қолжетімділікті инвестицияға мен технологияға айырбастауға ниетті екенін айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Былтыр Еуропа нарығына тасымалданған шикі мұнайдың 13 пайызға жуығы Қазақстанға тиесілі. Біз еуропалық серіктестермен жеткізу көлемін ұлғайту және өңірлік энергетикалық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы ынтымақтастықты кеңейтуге әрдайым әзірміз.

Экономикалық зерттеулер институтының сарапшылары да Тоқаевтың Бельгияға жасаған сапары Қазақстан экономикасы үшін маңызды өзгерістер әкелетінін атап өтті. Қол қойылған келісімдер мен меморандумдар еліміздің әлемдік аренадағы позициясын едәуір нығайтады.

АРУНА ТОҚМАҒАМБЕТОВА, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКАНЫ ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

Егер осының бәрін сауатты түрде жаңа жұмыс орындарына, нақты өндіріс пен жаңа технологияларға айналдыра алсақ, сондай-ақ порттармен арадағы ірі серіктестік байланыстарымызды дамытсақ, бұл сапардың маңызы өте зор деп сеніммен айтуға болады. Сондай ақ бұл келісімдер Қазақстанның Еуропа қауіпсіздігінің ажырамас бөлігі екенін көрсетіп отыр.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропаның бірқатар ықпалды өкілдерін қабылдап, жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар, сондай-ақ елдің саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыруының негізгі бағыттарын талқылады.