Алматы облысының Кеген ауданында полиция қызметкерінің денесі күйіп кеткен күйде табылды. Марқұмның Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасының аға жедел уәкілі, 37 жастағы Аслан Әлсеров екені анықталды. Мәйіт тасжолдан шамамен 400 метр жерден табылған. Оны мал іздеп жүрген шопан байқап, полицияға хабар берген. Тергеу мәліметінше, дене толықтай жанып кеткен, ал оң қолынан арқанның күйген қалдықтары табылған. Алдын ала болжам бойынша, қылмыс Алматыдағы пәтерде жасалып, кейін мәйіт із жасыру мақсатында басқа жерге жеткізіліп, от қойылған болуы мүмкін. Қазір марқұмның бұрын полицияда қызмет еткен жұбайы күдікке ілініп отыр. Оның іске қатысы бар-жоғы анықталуда. Ал 14 жастағы ұлы мен оның досы куәгер ретінде танылған. Ерлі-зайыптының ортақ жеті баласы бар. Іс бойынша жан-жақты тергеу жүргізіліп жатыр.
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктілер, оның ішінде марқұмның жұбайы мен ұлы ұсталды. Барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиға Алматы қаласында орын алғанын атап өтеміз. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу әрекеттері жүргізілуде.