Трансұлттық қылмыстық топты басқарған күдікті Польшада қолға түсті

Қазақстанда миллиондаған қаржыны айналымға салып, есірткі бизнесін дөңгелеткен трансұлттық қылмыстық топтың басшысы қолға түсті. Оны Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігі Интерполының қызметкерлері Польшадан экстрадициялады. Арнайы прокурорлардың анықтауынша, ол халықаралық қылмыстық топ құрып, танымал Telegram мессенджерінде интернет-дүкен ашқан. Осы платформа арқылы синтетикалық есірткі мен психотроптық заттарды «жасырын қоймалар» арқылы жүйелі түрде сатып отырған. Қылмыстық бизнес өте табысты болғаны сонша, топ мүшелерінің банк шоттары арқылы 2,8 миллиард теңгеден астам қаражат өткен. Күдіктілер бұл ақшаны заңдастырып, Қазақстан аумағынан тыс жерлерге шығарып үлгерген. Алайда, құқық қорғау органдарының жедел әрекетінің арқасында бұл миллиардтар мемлекет пайдасына тәркіленді. Трансұлттық мафия жетекшісі қамауға алынды. Оған синтетикалық есірткіні сату және қылмыстық кірісті заңдастыру бойынша ауыр айыптар тағылып отыр. Егер кінәсі дәлелденсе,  мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.