Кене шаққан 385 адам дәрігер көмегіне жүгінген

Биыл кене шаққан 385 адам дәрігер көмегіне жүгінген. Бұл өткен жылға қарағанда көп.  Дәрігерлер кенеден келетін қауіпті ауру бар дабыл қағып отыр. Одан қалай сақтану керек? Тілшіміз айтады.   

Көктем мен жаз шыға салысымен, қала тұрғындары табиғат аясына ағылады. Алайда, жасыл шөптің арасында көзге көрінбейтін үлкен қауіп жатыр. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, былтыр көктемде кене шағудың 286 жағдайы тіркелсе, жыл соңында бұл көрсеткіш 435-ке бір-ақ шыққан. Ал биылғы көрсеткіш тіптен шошытарлық. Тек көктемгі кезеңнің өзінде-ақ 385 адам зиянкестің құрбаны болған.

ЖАННА ПРАЛИЕВА, ҚАЛАЛЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Кене шағу жағдайлары көбіне табиғат аясында демалғаннан кейін тіркеледі. Сондықтан азаматтар орманды және көгалды аумақтарға барған кезде қорғаныс киімдерін киіп, арнайы репелленттерді қолдануы қажет. Табиғаттан оралған соң денені мұқият қарап шығу өте маңызды.

Кене энцефалиті - орталық жүйке жүйесін зақымдайтын қауіпті вирустық инфекция. Ең қорқыныштысы, оның алғашқы белгілері кәдімгі тұмауға өте ұқсас. Дене қызуы көтеріліп, бас ауырады, әлсіздік пайда болады. Егер ауру асқынып кетсе мойын бұлшықеттері тартылып, адамның есі шатасып, тіпті сал болып қалуы әбден мүмкін. Сондай-ақ, вирус тек шағу арқылы емес, шикі сүт өнімдері арқылы да жұғатынын мамандар ескертеді.

АЗИЗА ЖАРЫЛҚАПОВА, ДӘРІГЕР:

Дене қызуы көтеріліп, әлсіздік пен бұлшықеттердің сырқырауы басталады. Дер кезінде емделмесе, сал ауруы мен мидың ісінуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Кенені көрген бойда жұлып алмай, тез арада жақын маңдағы травматологиялық пунктке жүгіну керек.

Дәрігерлер серуеннен соң мойын, құлақ арты, қолтық пен шап аймағын мұқият тексеруге кеңес береді.  Денсаулыққа салғырт қараудың соңы өкінішке ұрындырмасын.