Жапонияда 6,9 балдық жер сілкінісі болды

Фото: Kyodo

Жапонияның солтүстік-шығыс бөлігінде магнитудасы 6,9 болатын жер сілкінісі тіркелді. Алайда цунами қаупі туралы ескерту жарияланған жоқ, деп хабарлайды Kyodo.

 

Жапонияның метеорологиялық агенттігінің хабарлауынша, жер сілкінісі таңғы сағат 7:30–да Тынық мұхиты жағалауындағы Иватэ префектурасы маңында, 50 шақырым тереңдікте болған.

Жерасты дүмпулерінің күші жапондық сейсмикалық қарқындылық шкаласы бойынша 6 баллға жетті. Атап айтқанда, Хасиками елді мекенінде 7 балл, ал Хатинохе қаласында 6 балл тіркелген.

Агенттік мәліметінше, 6 балдан жоғары сілкініс кезінде адамның тік тұруы немесе жүруі мүмкін емес. Мұндай жағдайда бекітілмеген жиһаздардың көпшілігі орнынан қозғалып, түрлі заттар құлап кетуі ықтимал.

Жер сілкінісі Саннохе ауданы (Аомори префектурасы), сондай-ақ Мориока қаласы мен Иватэ префектурасының басқа да бөліктерінде сезілді. Бұл аумақтарда сілкініс күші жапондық сейсмикалық қарқындылық шкаласы бойынша 5 балл деңгейінде бағаланды. Жерасты дүмпулері Хоккайдо, Акита, Фукусима, Мияги және Ямагата префектураларында, сондай-ақ Токио қаласы мен оған іргелес өңірлерде де сезілген.

Аомори префектурасындағы «Хигасидори» және Мияги префектурасындағы «Онагава» атом электр станцияларының, сондай-ақ Фукусима префектурасындағы «Фукусима-1» және «Фукусима-2» атом электр станцияларының операторлары ешқандай ауытқу тіркелмегенін хабарлады.

Сондай-ақ Аомори префектурасындағы пайдаланылған ядролық отынды қайта өңдеу зауыты мен оны уақытша сақтау қоймасында да қалыптан тыс жағдайлар анықталмаған.

«JR East» компаниясының мәліметінше, жер сілкінісінен кейін Тохоку өңіріндегі жоғары жылдамдықты Синкансэн пойыздарының Токио мен Син-Аомори станциялары арасындағы қозғалысы уақытша тоқтатылды.

Жапония премьер-министрі Санаэ Такаичи үкіметтің жер сілкінісінің салдарын бағалау үшін ақпарат жинап жатқанын айтты. Сонымен қатар ол ең көп зардап шеккен өңірлердің тұрғындарын сақтық шараларын сақтауға шақырды.