Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экология және экономиканың жекелеген салаларын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қаралды. Сенаторлар құжаттағы бір бапты жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарды.
Заңмен Қазақстан Республикасының Жер, Орман Кәсіпкерлік, Экологиялық және Су кодекстеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 7 заңына өзгеріс пен толықтырулар енгізіледі.
- Заңда экологиялық саланы цифрландыру, қалдықтарды басқару және қайталама ресурстарды қайта өңдеу жүйесін жетілдіру, климаттық реттеу тетіктері мен көміртегі офсетін дамыту, Ұлттық гидрометеорологиялық қызметтің жұмысын жетілдіру, сондай-ақ экологиялық реттеу мен бақылаудың тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар көзделеді. Заңмен мемлекеттік экологиялық сараптама мен қоғамдық тыңдаулар өткізуге қатысты жекелеген ережелер нақтыланады, - деді сенатор Сұлтан Дүйсембинов.
Заң аясында мыналарға бағытталған нормалар көзделеді:
- инвестициялық жобалар мен көмірсутектерді барлау жөніндегі жобалар үшін экологиялық рұқсаттар мен қорытындылар алу мерзімдерін қысқарту (теңізде көмірсутектерді барлауды қоспағанда);
- қалдықтарды басқару және қайталама ресурстарды қайта өңдеу жүйесін жетілдіру;
- коммуналдық қалдықтарды жинау, сұрыптау және көму орындарын ұйымдастыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктерін бекіту;
- киік дериваттарын сату жүйесінің операторын анықтау және оларды іске асыру тәртібін реттеу;
- Париж келісімінің 6-бабының климаттық қаржыландыру тетіктерін енгізу және нарықтық тетіктерді іске асыру тәртібін реттеу.
- Заңды екінші оқылымға дайындау барысында Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті Қазақстан Республикасының ұлттық үлесін орындау мақсатында Париж келісімінің нарықтық тетіктері негізінде іске асырылатын жобалардың нәтижелерін есепке алу тәртібін реттейтін ҚР Экологиялық кодексінің жаңа 288-1-бабының ережелерін қосымша қарады. Мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен өткен талқылаудың қорытындысы бойынша комитет халықаралық климаттық қаржыландыруды тарту және климаттық жобалардың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасау мақсатында көрсетілген баптың 6-тармағын түзету қажеттігі туралы қорытындыға келді, - деді депутат.
Осы орайда сенаторлар заңның жеке бабын мақұлдамай, бұл баптың жаңа редакциясын ұсына отырып, оны Мәжіліске қайтару туралы шешім шығарды.