Астанада «Құқық қаласы» құқықтық квестіне 200-ге жуық жас қатысты

Фото: Астана әкімдігі

«Jastar Tolqyny» жобасы және «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында елорданың «Көктал» саябағында «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «Құқық қаласы» атты құқықтық квест өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Квестке қаланың жастар арасындағы түрлі волонтерлік ұйымдарынан 200-ге жуық ерікті қатысты. Жобаның басты мақсаты – жастардың құқықтық мәдениетін арттыру, азаматтық жауапкершілігін дамыту және белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыру. Іс-шара барысында қатысушылар тақырыптық бекеттерден өтіп, заңнамаға қатысты тапсырмалар орындады, түрлі жағдайдағы кейстерді шешіп, командалық жұмыс дағдыларын көрсетті.

«Қазіргі жастар ақпаратты тәжірибе мен тікелей қарым-қатынас арқылы жақсы қабылдайды. Квест форматы заң нормалары туралы естіп қана қоймай, оларды ойын жағдайларында қолдануға, шешім қабылдауға, өз әрекеттерінің салдарын талдауға және командамен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл құқықты оқып-үйренуді қызықты, қолжетімді әрі есте қаларлық етеді», – деді «Астана жастары» ЖРО Құқық бұзушылықтардың алдын алу бөлімінің маманы Анель Мансұрова.

Квест тапсырмалары жастар үшін өзекті мәселелерді қамтыды. Атап айтқанда, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік, интернеттегі қауіпсіздік, алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, жеке деректерді қорғау, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ құқықтық мәдениет пен заңға бағыну қағидалары қарастырылды.

Анель Мансұрованың айтуынша, дәл осы тақырыптар бүгінде жастар үшін аса маңызды.

«Бұл заң туралы көбірек білуге мүмкіндік жасайтын өте қызықты іс-шара болды. Менің ойымша, жастарға заңның маңызын түсіндірудің ең тиімді жолы – осы. Біз алған білімімізді іс жүзінде қолдана аламыз. Мысалы, бекеттердің бірінде суретті құрастырып, онда не бейнеленгенін табуымыз керек болды. Ол мемлекет пен халық арасындағы әділдікті бейнеледі.Күнделікті өмірде мұндай тақырыптар сирек талқыланады, ал осындай ойындар арқылы заңдар туралы әлдеқайда көп мәлімет аламыз», – деді квест қатысушысы Ұлпан.

«Құқық қаласы» құқықтық квесті жаңа білім алуға, тәжірибе алмасуға және заңға деген саналы көзқарас қалыптастыруға арналған алаңға айналды. Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай бастамалар жастардың құқықтық мәдениетін арттырып, олардың қазіргі қоғамда сенімді бағдар табуына көмектеседі.