Жегені жантақ, арқалағаны алтын журналистерді Мемлекет басшысы Ақордада кәсіби мерекемен құттықтады. Қоғамдағы өзекті мәселлерді көтеріп, халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналған бірқатар әріптес Президент қолынан мемлекеттік награда алды.
Ұлттың үні, қоғамның айнасына айналған БАҚ өкілдерінің еңбегін Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары бағалады. Толассыз ақпарат ағынында тек тексерілген дерек тарататын кәсіби мамандардың бәсі биік. Президент мереке қарсаңында осы дипфейкпен күрестегі журналистердің еңбегін баса айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қоғам қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін жасанды интеллект технологиясының мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажет, соның ішінде кез келген заңсыз ақпаратты жедел анықтау және бұғаттау жұмысын қолға алу өте маңызды. Біз Заң мен тәртіпке бағынатын ел ретінде құқықтық нигилизмге, әсірешілдікке, яғни, радикализмге және халқымыздың болмысына жат құндылықтарды насихаттау ісіне түбегейлі тосқауыл қоюымыз керек. Бұл – өте маңызды міндет.
Әлеуметтік желідегі әсем өмірге алданып, «жеңіл ақша» культі кеңінен дәріптелген заман. Бұл ретте журналистерге тағы бір маңызды қоғамдық жауапкершілік жүктелді. Президент пайымынша, ұлтты өркениетке бағыттайтын ағартушы тілшілер қосыны көптеп керек.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
«Қалам елді түзейді» деген сөз бекер айтылмаған. Осы орайда, біз сіздерге – журналистер қауымына зор үміт артамыз. Ақпарат саласының қызметкерлері қашанда ұлт сапасын жақсартатын құндылықтарды дәріптеу ісіне белсене атсалысуы қажет деп санаймын.
Төртінші билікке баланған мамандықта қашаннан ұлт мүддесін бәрінен биік қоятын тұлғалар қызмет етті. Сондықтан мемлекет медиадағы кадрлардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мән береді. Соңғы үш жылда астаналық 200 әріптес баспаналы болды. Биылғы мереке қарсаңында бағы жанған тағы 66 журналиске пәтер кілті табысталады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бұл бастаманың ауқымын кеңейте түсуді көздеп отырмыз. Әсіресе, сапалы хабар таратып, қажырлы қызмет етіп жүрген аймақ тілшілерінің еңбегін елеусіз қалдыруға болмайды деп санаймын. Сондықтан менің тапсырмаммен осы жылы алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін журналистерге де пәтер кілті табысталады.
Ұлттық идеологияны дәріптеп, мемлекеттің жарқын болашағын құруға талмай талаптанған медиа майталмандар Ақордада ықыласқа бөленді. Олардың қатарында сала ардагерлерінен бастап, жастық жалынын еңбекке арнап жүрген мықты мамандар бар. Президент еңбегі ерен мамандарға грант та табыстады.
ЖАЗИРА БАЙДАЛЫ, КОНТЕНТ-МЕЙКЕР:
Бүгінгі марапат тек жеке жетістік емес. Креативті индустрия өкілдеріне және сол креативті контентті таратып жүрген журналистерге көрсетілген құрмет деп қабылдаймын. Креативті индустрия экономиканы ғана емес, елдің имиджін, мәдениетін және зияткерлік әлеуетін қалыптастыратын маңызды сала. Сондықтан біздің шығармашылық еңбекті бағалап, қолдау көрсетуіңіз біз үшін үлкен сенім әрі үлкен жауапкершілік.
Астана телеарнасының шығармашылық ұжымы да қажырлы еңбегі үшін Мемлекет басшының алғыс хатына ие болды. Арна ұжымының отандық телевизияны өркендетуге сіңірген еңбегі ерекше атап өтілді. Бұл мәртебелі марапат телеарнаның сапалы медиаконтент жасау, елдегі маңызды оқиғаларды шынайы көрсету және қазақстандық телеарна кеңістігін дамыту ісіндегі орнын айқындай түседі.
«Астана» телеарнасы үшін бұл марапат - шығармашылық топтың көпжылдық еңбегіне берілген жоғары баға. Журналистердің, редакторлардың, операторлардың, режиссерлердің, продюсерлердің және арнаның барлық қызметкерлерінің күнделікті қажырлы еңбегі көрермендерге дер кезінде өзекті, шынайы әрі мазмұнды ақпарат жеткізуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысымен мерекедегі кездесу марапатпен шектелген жоқ. Ең бастысы - Отандық медиа саласына жүктелген жаңа талаптар мен міндеттер айқындалды. Ендігі кезекте, мемлекеттен үлкен қолдау мен әлеуметтік кепілдік алған төртінші билік өкілдеріне қоғамдық сананы сауықтыру мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу миссиясы жүктеліп отыр.