Трамп: "Мен АҚШ әскерінің дәріжесін көтердім"

Трамп АҚШ әскерінің мәртебесін қайта көтерді. Ел тәуелсіздігінің 250 жылдығына арналған салтанатты шаралардың бастауында сөз сөйлеген Ақ үй басшысы, алдыңғы әкімшіліктің былықтарын түзету үшін аянбай еңбек етіп келе жатқанын айтып мақтанды. Күні кеше, өзіне қарсы шешім қабылдаған Сенаторлармен де кездесіп үлгерген АҚШ Президенті, Конгресс мүшелерінің ойын өзгертпек болды. Себебі, Трамп кез-келген сәтте Иранға қарсы қайта соғыс ашу қажеттілігін ескертті Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Қаншама Президенттің қасықтап жинаған абыройын, әскеріміздің күш-қуатын бір мезетте шелектеп төккен демократтардың былығын түзеуге көп күш жұмсадым. Трамп мақтануын қоятын емес. АҚШ Президенті, Америка әскері жарты жыл ішінде бүкіл әлемге тағы үрей мен қорқыныш сезімін тудырғанын айтты. Ақ үй басшысы, ел Тәуелсіздігінің  250 жылдығына орай, үлкен салтанатты шерулер легін бастап берді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Осыдан бір жыл бұрын біздің әскер қатарында кадр жетіспеушілігі үлкен проблема болған. Қазір, адамдар кезекте тұр. Бұл – менің еңбегім. Бір апта ішінде Иранды ойсыратып, бір сағат ішінде Венесуэланың диктаторы, оңбаған Мадуроны тұтқындап әкеттік. Негізі, басқа да жоспарларымыз бар. Бірақ, әзірге олар туралы айта алмаймын.

Осы аралықта Трамп, НАТО бас хатшысы – Марк Рюттені қабылдады. Бүкіл Альянстың бас қолбасшысы, өзге елдердің көнбегеніне қарамастан, өзінің АҚШ Президентіне деген ықыласы өзгеше екенін айтып, ақталуға тырысты.

МАРК РЮТТЕ, НАТО БАС ХАТШЫСЫ:

Сіздің көшбасшылығыңыз және Ирандағы батыл шешімдеріңіз әлемді ядролық апаттан құтқарды. Адамзат оны әлі сезінбеуі мүмкін. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы әлем бейбітшілік үшін еңбек етіп келеді. Біз Иранға сол тұрақтылықты бұзуға жол бере алмаймыз. Десе де, Еуропа елдері мені қолдай қоймады. Жалғыз өзіңіз әрекет еттіңіз.

Трамп өзіне қарсы шыққан Сенатқа да барды. Конгресстің жоғары палата мүшелерімен келіссөз жүргізіп, шешімдерін өзгертуін өтініп сұрады. Естеріңізге сала кетсек, кеше сенаторлар Трампқа жеке өзі соғыс бастауына мүмкіндік бермейтін заң жобасын қабылдаған.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Әлбетте, Сенатта маған мүлдем ұнамайтын адамдар бар. Бірақ, олармен жұмыс істеуге мәжбүрмін. Дегенмен, бұл проблеманы да шешуге болатын секілді. Себебі, қос палатадағы да республикалықтардың ауызбіршілігі бекем. Біз, Иранмен уағдаластыққа келдік. Алайда, егер жағдай басқаша өрбісе, шаруаны соңына дейін бітіруге тура келеді.

Венесуэлада 126 жылда болмаған жер сілкінісі тіркелді. Қуаты 7,5 балл болған зілзала 30 адамның өмірін жалмады. 700 адам жарақат алды. Мемлекет басшысы делси Родригестың айтуынша, құрбандар саны одан да көп болуы мүмкін. Жапонияда да кезекті рет дүмпу тіркелді. Абырой болғанда қаза тапқандар жоқ. Қазір, елдің барлық сейсмологтары цунами қаупін зерттеп жатыр.