Абай облысы бойынша ҚАЖ әйелдер колониясында Жарма ауданының прокуроры мен шағын және орта бизнес өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.
Кездесудің басты тақырыбы - сотталған әйелдерді жұмыспен қамту және олар үшін жаңа жұмыс орындарын құру болды. Қатысушылар кәсіпкерлерді мекемемен ынтымақтастыққа тарту және өндірістік қызметті одан әрі дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Бүгінде колония аумағында бірінші кезектегі қажетті тауарлар дүкені, нан-тоқаш өнімдері мен жартылай фабрикаттар өндіретін цех, жылыжай және тігін цехы жұмыс істейді. Мекемеде 200-ден астам сотталған әйел жазасын өтеп жатыр, олардың шамамен 130-ы жұмыспен қамтылған. Олар киім тігумен, көкөніс өсірумен, нан-тоқаш өнімдері мен жартылай фабрикаттар өндірумен айналысады. Өндірілетін өнім облыстың әртүрлі аудандарында сұранысқа ие.
– Бүгінде сотталғандарды жұмыспен қамтып қана қоймай, оларға бостандыққа шыққаннан кейін сұранысқа ие болатын тәжірибелік дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беру маңызды. Әрбір құрылған жұмыс орны – адамның қоғамға сәтті бейімделуіне қосылған үлес. Біз өндірісті кеңейту және сотталған әйелдердің жұмыспен қамтылуын арттыру мақсатында кәсіпкерлермен одан әрі ынтымақтастық жасауға дайынбыз. Мұндай жұмыстың негізгі мақсаты – сотталғандарға еңбек етуге, мамандық игеруге және жазасын өтегеннен кейін қоғам өміріне сәтті бейімделуге мүмкіндік беру, – деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары Анар Сабиева.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар өндірістік бағыттарды кеңейту және ынтымақтастыққа жаңа бизнес өкілдерін тарту перспективаларын да талқылады. Мұндай жобаларды дамыту қосымша жұмыс орындарын ашуға, сотталған әйелдердің жұмыспен қамтылуын арттыруға және олардың қоғамға қайта оралуына табысты дайындалуы үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді.