Парламенттің қос палатасы бүгін тағы да бір үстел басына жиналды. Күн тәртібінде - ел қазынасының есебі. Үкімет пен Жоғары аудиторлық палата өткен жылғы бюджеттің әрбір тиыны қайда кеткенін ортаға салды. Сандар сөйлегенімен, депутаттардың көңілі көншімеді. Басты мәселе - бюджеттің шикізатқа тәуелділігі мен шығындардың тиімсіздігі.
Үкімет басшылығы экономиканың өскенін, әлеуметтік міндеттемелердің толық орындалғанын алға тартты. Былтыр экономика 6,5 пайызға өсіп, жалпы ішкі өнімнің ұлғаюы 15 млрд АҚШ долларын құрады. Дегенмен, қазынаның бүйірін толтыру үшін тағы да Ұлттық қорға қол салуға тура келген. Салық түсімдерінің жоспары толмаған соң, трансферттер көлемі артқан.
МӘДИ ТАКИЕВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:
Бұл ретте инфляция 12,3% деңгейінде қалыптасты. Орташа айлық жалақы 442 мың теңге деңгейінде қалыптасса, жұмыссыздық деңгейі жыл бойы сақтала отырып 4,6 пайызды құрады. Еңбекақының Жалпы ішкі өнімдегі үлесі шамамен 30 пайыздан асып тұр, бұл Орталық Азиядағы жоғары көрсеткіш. Мақсат — әлемдік орташа көрсеткішке, яғни 40 пайызға жету.
Бірақ Жоғары аудиторлық палатаның есебі Үкіметтің оптимизмін сейілтіп жібергендей болды. Аудиторлар миллиардтаған қаржының мақсатсыз жұмсалғанын, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі төмен екенін ашық айтты. Әсіресе, квазимемлекеттік сектордың «тәбеті» мен игерілмей қалған қаржы көлемі қатты сынға алынды.
ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ҚР ЖОҒАРЫ АУДИТОРЛЫҚ ПАЛАТАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Егер түзетілген бюджетке қатысты есептесек, онда небәрі 8 түзетудің негізінде бастапқыда бекітілген бюджетті толығымен қайта бөлуге болады. Іс жүзінде жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша мұндай қайта бөлу көлемі 90 пайызға дейін жетті. Бұл республикалық бюджет туралы заң жобасын қарау кезінде Парламентте егжей-тегжейлі талқыланып, бекітілген бюджет параметрлерінен едәуір ауытқу тәуекелдерін тудырады. Осыған байланысты, Парламенттің бақылауында болуын қамтамасыз ете отырып, мұндай түзетулердің көлемін шектеу қажет деп есептейміз.
Халық қалаулылары да аянып қалмады. Салық кодексінің кешігуі, сыртқы қарыздың өсуі және өңірлердегі аяқсыз қалған құрылыстар төңірегінде өткір сұрақтар қарша борады. Депутаттар Үкіметті Ұлттық қордың ақшасына арқа сүйеуді тоқтатып, нақты табыс көздерін табуға шақырды.
ЕРКІН ӘБІЛ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Қатарынан екінші жыл қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы қаражаттың жеткіліксіздігі байқалып отыр. Бұл бюджет қаражатының игерілмеуінің негізгі себептерінің бірі болып қалуда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бюджет шығыстары 29,6 трлн теңге көлемінде атқарылғанымен, 303,8 млрд теңге игерілмей қалды. Оның ішінде 243,6 млрд теңге қаржыландырудың жеткіліксіздігіне байланысты.
Қызу талқылау мен сыннан кейін, Парламенттің қос палатасы өткен жылғы бюджетті бекітті. Осылайша, Парламент Үкіметтің есебін қабылдағанымен, атқарушы билікке қойылатын талаптың күшейетінін аңғартты. Ендігі кезек — айтылған сыннан нәтиже шығарып, бюджеттің әр тиынын халықтың игілігіне жарату.