Алматыда жүк тасымалына қатысты алаяқтық көбейді

  • AstanaTV
  • 26 маусым 2026

Алматыда жүк тасымалына қатысты алаяқтық деректері көбейді. Қаскөйлер интернеттегі хабарландыру сайттары мен әлеуметтік желілер арқылы өзін тасымалдаушы немесе делдал ретінде таныстырып, төмен баға мен жедел қызмет ұсынып, азаматтарды алдайды. Ал алдын ала төлем алғаннан кейін байланысқа шықпай қалу жағдайлары жиілеген. Полиция мұндай ұсыныстарға сенбеуге және қызмет көрсетушінің заңдылығын алдын ала тексеруге шақырады.

Алаяқтар көбіне тапсырыс беруші мен жүргізушінің арасындағы делдал ретінде әрекет етеді. Олар жүк иесіне өзін сенімді тасымалдаушы ретінде таныстырса, жүргізушілерге тапсырыс беруші болып көрінеді. Осылайша екі тараптың сеніміне кіріп, ақшаны өз есепшоттарына аудартады. Кейін байланысын үзіп, ізін жасырады. Осындай жағдайға тап болған азаматтардың бірі жүк тасымалдауға келісіп, алдын ала төлем жасаған. Алайда белгіленген мерзімде көлігі де, жүгі де межелі жерге жетпеген.

ЖӘБІРЛЕНУШІ:

5 сағат өткеннен кейін хабарласып көрдім қалай болып жатырсыздардеген сияқты. Ол кезде бәрі дұрыс деп жауап берді. Бірақ одан кейін жоқ болып кетті. Ертесі уақыты келген сәтте мен жеттіңіздер ма не болды деген кезде маған ешқандай жауап берген жоқ, сөйтіп жоғалып кетті. Көлігім де жоқ, бір жағынан предоплатаға алған ақшам да жоқ.   

Жәбірленуші байланыс үзілгеннен кейін бірден полицияға жүгінген. Қазір бұл дерек бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы құқық қорғау органдарының мәліметінше, мұндай арыздар еліміздің әр өңірінде тіркеліп жатыр. Кейбір күдіктілер анықталғанымен, алаяқтардың барлығын жауапқа тарту әзірге мүмкін болмай отыр.

САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Бұндай деректер тіркеліп жатыр. Олар заң тілінде алаяқтық деректері болып табылады. Алматы қаласында осындай 3 дерек тіркелді жылдың басынан бері. Екі деректің басы ашылды. Қазірігі таңда ізкесу және іздестіру жұмыстары жалғасуда басқа бір дерек бойынша.

Жүк тасымалы нарығындағы алаяқтықтың жаңа тәсілдері жылдан-жылға күрделеніп келеді. Сондықтан полиция азаматтарды кез келген мәміле кезінде сақтық танытып, қызмет көрсетушінің сенімділігіне көз жеткізбей ақша аудармауға шақырады. Ал алаяқтық жасағандар жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сонымен қатар олар жәбірленушіге келтірілген материалдық шығынды толық өтеуге міндетті.