Қазақстандықтар көлікті қарызға алуды азайтып жатыр. 2026 жылдың алғашқы үш айында банктерге автонесие алуға түскен өтінімдер саны өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға азайған. Берілген несиелер көлемі де қысқарған. Себебі неде? Бұл уақытша құбылыс па? Айгерім Есенкелді анықтап көрді.
Елімізде көлікті несиеге алатындардың қатары сиреген. Биылғы жылдың бірінші ширегінде банктерге автонесиеге 1,2 миллион өтінім жолданған. Бірақ бұл өткен жылдың дәл осы кезеңінен әлдеқайда аз болып шықты. Сарапшылар мұны көпшіліктің көлікке қызығушылығы азайып, несиеге рәсімдеу тиімсіз екенін ұғып, оның орнына үй сатып алуға көптеп бет бұрғаны себеп дейді.
НҰРКЕЛДІ ӘБДІҚҰЛОВ, АВТОСАРАПШЫ:
Көліктен көрі қазір елдер бизнеске, жаңағыдай басқа да бағыттарға, пассивный доходтарға ақшасын құйып жатыр деп ойлаймын. Өйткені, көлік тек қана расход, ал пассивный доход ол жәймен-жәймен ақшаңызды көтереді. Мүмкін, менің ойымша солай. Және үйге құйып жатқан болуы мүмкін, өйткені үйдің бағасы да жыл сайын артып келеді, бірақ машинаның бағасы олай артып жатқан жоқ қазіргі таңда.
САНАТ НҰРБАЙ, АВТОСАРАПШЫ:
Ең бірінші себеп жаппай бізде көлікті алатын адам алып қойды. Былтырғы есеп бойынша 70 пайызға жуығы көлікті несиеге алып алды. Соны алып алғандар енді түсінді. Мысалы, былтыр 15 миллионға алған көлік құны 10 миллионға түсіп қалды. Енді алмағандар оны көріп отыр ғой. Көз алдарында көліктің бағасы төмендеп жатыр. Әлі де төмендей ме? Әлі де баға құлай ма деген үмітпен отыр да. Содан бірден көлікті кредитке алған тиімсіз екенін ұқты.
Сарапшылар сұраныс төмендеуіне банктердің қарыз алушыларға қоятын талаптарының күшеюі де себеп екенін атап өтті. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, өтінімді мақұлдау деңгейі 15,4 пайызды құрады. Ал бұл дегеніміз өтініш берген 100 адамның 15-16 сының ғана сұрағаны беріледі.
БЛИЦ:
- Өзімнің мәшинемді алғаныма бір айдай болды. Наличкаға алдым мен өзім. Себебі маған наличкаға алған выгодно болды.
- Пайызы өте үлкен шығар. Егер де пайызы аз болса, әрине, бәріне ыңғайлы болар еді.
- Меніңше, қазір адамдардың ақшасы жетпейді, ал несие пайыздары өте жоғары. Мысалы өз басым автонесие де, ипотека да ала алмаймын. Халық жалақысы төмен.
- Банкрот дейді банкті, бірақ та оның алатыны ең кемі 35-40 пайыз ғой, дұрыс па адамның?
Экономист автонесие нарығындағы бәсеңдеуді уақытша құбылыс деп санамайтынын айтты. Қымбат несие мен күнделікті шығындардың артуы қазақстандықтарды ірі сатып алуларды кейінге қалдыруға мәжбүрлеп отыр дейді.
БЕКНҰР ҚИСЫҚОВ, ЭКОНОМИСТ:
Бірінші экономикалық фактор ол - инфляция. Мысалға, көліктерге инфляция қатты көтерілмегенімен, бірақ көліктің бағасы осыдан екі-үш жыл бұрын екі есе көтеріліп кетті. Бірақ ол кезде инфляция басқа тауарларға мұндай жоғары болмаған еді. Қазір осы екі-үш жылдың арасында көріп тұрсыз, ең бірінші мына азық-түліктің бағасы қатты көтеріліп кетті және өмір сүру және микроэкономика дейміз ғой, микроэкономика да өте жоғарылап кетті.
Нарықтағы қазіргі көрсеткіштер автонесие сегментінде белгілі бір баяулау барын аңғартады. Дегенмен 11 пайыздық төмендеу әзірге дағдарыстық деңгей деп бағаланбайды. Мамандар жылдың екінші жартысында сұраныс динамикасы экономикалық ахуалға қарай өзгеруі мүмкін екенін айтады.