Қырғызстанда жасырынып жүрген ірі алаяқ елге қайтарылды

Қазақстанда 1,8 миллиард теңгенің алаяқтық схемасын құрған қылмыстық топтың мүшесі ұсталды. Ол тергеуден қашып, Қырғызстанда жасырынып жүрген жерінен елге қайтарылған. Бұл топ екі банк пен 77 азаматты тақырға отырғызған. Олардың айласы мынау, алаяқтар іс жүзінде атымен жоқ, ойдан шығарылған көліктерді Алматының Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығына Қырғызстаннан әкелінді деп жалған құжатпен тіркеп отырған. Ал азаматтардың атына миллиондаған автонесие рәсімдеген. Қолдарына тиген көліктерді сатып жіберіп, ақшаны қалталарына басқан.

ЕРЛАН ЖАНПЕЙСОВ, ҚР БАС ПРОКУРАТУРАНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Өзіне тағылып отырған қылмыс үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу түріндегі жаза көзделген.