Венесуэладағы жер сілкінісінен қаза тапқандардың саны 235-ке жетті

Венесуэлада жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандардың саны 230 адамнан асты. Елде төтенше жағдай режимі жарияланды. Айта кетейік, боливарлық республикада 126 жыл бойы болмаған зілзаланың қуаты 7 жарым баллға жақындады. Құрбандардың саны бұдан да көп болуы мүмкін. Себебі, мыңдаған адам іс-түссіз жоғалып кеткен. Соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Дүмпу бүкіл ел аумағында тіркелді. Алайда, Венесуэла астанасы Каракас пен Ла-гуайда штатының тұрғындары қатты зардап шекті. Елдің бас әуежайы қирап қалды. 250 астам аса маңызды инфрақұрылымдық нысандар қатты зақымданды. Тек жарақат алып құтылған адамдардың саны 4300 асты.

КРИСТИАН КОРЕНО, КАРАКАС ТҰРҒЫНЫ:

Менің әжептеуір мүлкім бар еді. Қалай болғанын өзім түсінбей қалдым. Тірнектеп жинаған дүниелерім: пәтерім, көлігім және мотоциклім бір сәтте жоқ болды. Ешқайсы жарамсыз. Әлбетте, жанымда балаларын үйінді астынан іздеп жүргендер бар. Олардың жанында қайғыруға қақым жоқ.

Елдің сейсмикалық мекемелерінің мәліметінше, негізгі зілзаладан кейін 200 рет қайта дүмпу болған. Оның өзі бірнеше әрең тұрған ғимаратты одан сайын қиратты. Мемлекет басшысының міндетін атқарушы Делси Родригес төтенше жағдай режимін жариялады.

ДЕЛСИ РОДРИГЕС, ВЕНЕСУЭЛА ПРЕЗИДЕНТІ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Жағдайымыз онсыз да мәз емес еді. Бұл, тіпті, қабырғамызды қайыстырды. Әлемдегі бірнеше мемлекет көңіл білдіріп қана қоймай, көмек көрсетіп жатыр. Мексика, Испания, Қатардан гуманитарлық көмек және құтқарушылар келіп жатыр. Біріккен Ұлттар Ұйымы да көмегін аяп жатқан жоқ.

АҚШ та жақын арада көмек көрсетеді. Мемлекеттік хатшы Марко Рубио барлық қажетті ресурстарды жұмсауға бұйрық берілгенін атап өтті.

МАРКО РУБИО, АҚШ МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:

Бұл жаңалықты естігенде менің қабырғам қайысты. Бүгін таңертең Делси Родригес ханыммен сөйлестім. Президент Трамп та зілзала туралы естіп, жүрегі ауырды. Сондықтан, дереу Вирджиния штатындағы, Фэрфакс округіндегі әскери базадан және Лос-Анджелестің құтқарушыларын жөнелтуге дайындап жатырмыз. Олар үйінді астынан мадамдарды іздеуге белсене кірісіп кетеді.

Жапонияда да афтершок тіркелді. Дүмпу қуаты кешегіден қарағанда әлсіз болғанымен, мұхит жағасына таяу. Елдің солтүстігіндегі бірнеше префектураларда төтенше жағдай режимі жарияланды. Себебі, цунами қаупі еселене түсті.