Елордада «Астана» мен «Жеңіс» клубтарының матчы кезінде ерекше экологиялық акция өтті

Фото: Астана әкімдігі

Елордадағы «Астана Арена» стадионында Қазақстан Премьер-лигасы аясында «Астана» мен «Жеңіс» футбол клубтары арасында өткен матч кезінде ерекше экологиялық акция ұйымдастырылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Спорттық іс-шараның ең ерекше қонақтарының бірі – қала тұрғындарының ыстық ықыласына бөленген Тазабек маскоты болды.

Ойын басталар алдында тазалықтың символына айналған Тазабек футболшылармен бірге алаңға шығып, жанкүйерлермен амандасып, трибунадағы көрермендерге қол бұлғады. Оның алаңдағы көрінісі матч қонақтары үшін ерекше тосынсыйға айналды.

Матч аяқталғаннан кейін жанкүйерлер экологиялық бастамаға қолдау білдіріп, стадион трибуналарын тазалауға қатысты. Акцияға қатысушылар ойыннан кейін қалған қоқысты жинап, спорт нысандарындағы тазалықты бірлесіп сақтауға болатынын үлгі ретінде көрсетті.

«Бүгінгі матчтан ерекше әсер алдық. Қазақстан футболын қолдау үшін стадионға жиі барамын. Ойыннан кейін артымыздан қоқыс қалдырмай, трибунаны бірге жинауды жөн көрдік. Бұл аса қиын емес. Осы арқылы стадионға, сүйікті командамызға және бір-бірімізге деген құрметімізді көрсетеміз», – деді жанкүйерлердің бірі.

Мұндай бастамалар қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етіп, тазалық әркімнің өзінен басталатынын тағы бір мәрте еске салады.