Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы екі өткізу пункті енді тәулік бойы жұмыс істейді

Фото: Мемлекеттік кірістер комитеті

Бүгін Сенатта «ҚР Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттері туралы келісімге 2006 жылғы 4 қыркүйектегі Хаттамаға өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заң мақұлданды. 

– Аталған хаттамаға 2024 жылғы 8 тамызда Астана қаласында қол қойылды. Бұл құжат «Сырдария – Малик» және «Целинный – Ок олтин» автомобиль пункттерінің мәртебесін екіжақтыдан халықаралық (көпжақты) мәртебеге өзгертуді көздеген, – деді баяндама жасаған Сенат депутаты Алишер Сатвалдиев.

Сондай-ақ, жұмыс істеу тәртібін «жарық уақыттан» «тәулік бойына» ауыстырылмақ.

– Бұдан басқа, хаттамада жоғарыда аталған шекаралық өткелдерді «тек жеңіл автокөлік үшін» шектеулі режимінен жүк-жолаушы мәртебесіне көшіру көзделеді. Атап айтқанда, «Целинный – Ок олтин» өткізу пункті жеңіл және бос жүк көлік құралдарының, сондай-ақ ірі көлемді және (немесе) ауыр салмақты жүктер мен тауарлардың жүруі үшін пайдаланылатын болады, – деді Алишер Сатвалдиев.

Ал «Сырдария-Мәлік» өткізу пункті тек жеңіл және бос жүк көліктерінің жүруіне пайдаланылмақ. Осы өткізу пунктінде жүктер мен тауарларды коммерциялық мақсатта өткізу көзделмейді.

– Аталған шара өткізу қабілетін арттыруға, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға және туризмнің дамуына оң әсерін тигізеді. Аталған өзгерістер, екі ел арасындағы көлік-транзиттік қатынасты одан әрі дамытуға өз үлесін қосады деп есептейміз. Сонымен қатар, ҚР Парламенті Сенаты тұрақты комитеттерінең заңның тұжырымдасы бойынша ұсыныстар мен ескертулер келіп түскен жоқ, – деді Алишер Сатвалдиев.