Бүгін республикалық маңызы бар «Қарағанды - Жезқазған» автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары бастау алды. Жалпы ұзындығы 572 шақырымды құрайтын күре жолдың 457 шақырымын қамтитын бұл жоба - Орталық Қазақстандағы көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған ірі бастамалардың бірі.
Іс-шараға Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков, мердігер ұйымдар мен жол саласының өкілдері қатысты.
«Қарағанды - Жезқазған» автомобиль жолы «Қызылорда - Павлодар - Успенка» автокөлік дәлізінің құрамына кіреді. Жобаны іске асыру өңірлер арасындағы көлік байланысын күшейтіп, елдің транзиттік әлеуетін арттыруға және Қарағанды мен Ұлытау облыстарының экономикалық дамуына жаңа мүмкіндік беруге бағытталған.
Қолданыстағы «Қарағанды - Жезқазған» жолы 1970 жылдары III техникалық санат параметрлері бойынша салынған. Ол бір оське түсетін 6 тоннаға дейінгі жүктемеге есептелген. Пайдалануға берілгеннен бері бұл бағытта күрделі жөндеу жүргізілмеген. Сонымен қатар соңғы жылдары көлік қозғалысының қарқындылығы, оның ішінде ауыр жүк және ұзын өлшемді көлік үлесі айтарлықтай артты.
Қайта жаңарту аясында жол II техникалық санат талаптарына сәйкестендіріледі. Жоба жол төсемін жаңартуды, жасанды құрылыстарды салу мен қайта жаңартуды, демалыс алаңдарын, аялдама пункттерін, жолға қосылу және қиылысу орындарын жайластыруды көздейді.
Бұл жобаның маңызы жалпы ұзындығы 400 шақырым болатын «Қызылорда - Жезқазған» автожолын қайта жаңарту жобасымен бірге арта түседі. 2025 жылы Қызылорда облысы аумағындағы 192 шақырымда негізгі жұмыстар аяқталып, көлік қозғалысы ашылды. 2026 жылдың соңына дейін Ұлытау облысындағы учаскеде негізгі жұмыстарды аяқтап, қозғалысты іске қосу жоспарланып отыр.
Осылайша, Қазақстанда Астана - Қарағанды - Жезқазған - Қызылорда бағыты бойынша тікелей автомобиль маршруты қалыптасады. Бұл өңірлер арасындағы арақашықтықты қысқартумен ғана шектелмей, елдің орталығы мен оңтүстігін байланыстыратын жаңа көлік ағынын құруға мүмкіндік береді. Бағыт ішкі логистиканы күшейтіп, жүк пен жолаушылар қозғалысын жеделдетеді, сондай-ақ Қазақстанның Еуразиядағы транзиттік торап ретіндегі рөлін арттырады.
Бүгін біз Қарағанды және Ұлытау облыстары үшін ғана емес, еліміздің бүкіл көлік жүйесі үшін маңызды жобаны бастаймыз. Қарағанды - Жезқазған және Қызылорда - Жезқазған бағыттары біріге отырып, Астанадан Қызылордаға дейінгі тікелей маршрутты қалыптастырады. Бұл – ел ішіндегі қозғалыстың жаңа логикасы: жылдам, қауіпсіз әрі тиімді. «ҚазАвтоЖол» үшін жеке бір учаскені ғана жаңарту емес, экономикаға, өңірлерге, бизнеске және халыққа қызмет ететін заманауи дәліз құру маңызды. Бұл жол ондаған жыл бойы күрделі жаңартуды көрмеді. Енді біз оны жаңа деңгейге көтереміз, - деді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев.
Жоба толық іске асқаннан кейін учаскенің өткізу қабілеті 33 пайызға артады, ал жол жүру уақыты 2,4 сағатқа қысқарады. Жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылады. Қайта жаңартуды 2029 жылға дейін аяқтау жоспарланған.
Құрылыс жұмыстарына 2 500-ден астам маман және 1 000-нан аса жол техникасы жұмылдырылады. Жоба шеңберінде шамамен 30 млн текше метр жер жұмыстары орындалып, 5 млн текше метрден астам инертті материал, 88 мың тонна битум және 85 мың текше метр темірбетон бұйымдары пайдаланылады.
Сонымен қатар 52 көпір, 72 жол өтпесі, 28 көлік айрығы, 447 су өткізу құбыры, 8 демалыс алаңы, 15 қоғамдық көлік аялдамасы, сондай-ақ 267 қиылысу және қосылу нысаны қарастырылған.
«Қарағанды - Жезқазған» автомобиль жолын қайта жаңарту «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының республикалық жол желісін жаңғырту, қозғалыс қауіпсіздігін арттыру және Қазақстанның тұрақты көлік дәліздерін дамыту бағытындағы кешенді жұмысы аясында іске асырылуда.