Елордада «Астана – есірткісіз қала» атты ауқымды акция өтті

Фото: Астана әкімдігі

Елордада «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай «Астана – есірткісіз қала» атты ауқымды акция ұйымдастырылды. Іс-шара есірткі қылмысына қарсы күреске арналған айлықтың қорытындысы болды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Ауқымды акцияны Астана қаласының Полиция департаменті мен елорда әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шара Орталық саябақтағы Амфитеатрда өтіп, оған үш мыңнан астам қала тұрғыны мен қонағы қатысты. Акция салауатты өмір салтын насихаттауға және есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған ең ірі қоғамдық бастамалардың біріне айналды.

Кеш аясында танымал қазақстандық өнерпаздардың қатысуымен концерт өтті. Сахнада Қайрат Нұртас, BAYTEREK TOBY, KOBA, Амантай Әбен, этно-топ және Мөлдір Мұқан өнер көрсетті. Өнер иелері жастарды зиянды әдеттерден бас тартып, спортпен шұғылдануға, шығармашылықпен айналысуға және белсенді өмір салтын ұстануға үндеп, есірткіге қарсы акцияны қолдады.

Акцияға сондай-ақ Астана қаласы Полиция департаменті жанындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің мүшелері – танымал спортшылар, қоғам қайраткерлері мен медиа тұлғалар қатысты. Олар іс-шара қонақтарымен кездесіп, денсаулық пен қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бастамаға қолдау білдірді.

Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ерекше маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Әлия Қибатқызының айтуынша, мұндай іс-шаралар жастардың есірткіге деген теріс көзқарасын қалыптастыруға, салауатты өмір салтын дәріптеуге және қоғамды есірткі қаупіне қарсы күреске жұмылдыруға бағытталған.

«Астана қаласының Полиция департаменті жастардың есірткінің заңсыз айналымына тартылуының алдын алу, сондай-ақ есірткі құқық бұзушылықтарын анықтау және жолын кесу жұмысы тұрақты түрде жүргізілетінін еске салады. Бұл бағыттағы жұмыс профилактикалық және жедел шараларды ұштастыра отырып, алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады», – деді ол.

 Іс-шара қонақтары үшін интерактивті алаңдар, спорт жарыстары, түрлі байқаулар мен викториналар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға естелік сыйлықтар табысталды.