Трамп: «Бұлай жалғаса берсе, Иранды мемлекет ретінде жойып жіберемін»

Венесуэлада жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандардың саны 1500-ға жетіп қалды. Ал жергілікті халық үйінділерді өз күштерімен қопарып, жақындарын іздеуге мәжбүр. Билік тарапынан еш көмек жоқ, - деп шағымдарын жеткізіп жатыр. АҚШ пен Иран болса, Ормуз бұғазында қайта атысты бастап кетті. Бұлай жалғаса берсе, Трамп: «Бүкіл Иранды жер бетінен жойып жіберемін», - деп қорқытты. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Венесуэлада жер сілкінісінен қаза тапқандардың саны 1500-ға жетті. Зілзала негізінен ел астанасы Каракас пен Ла-Гуайда штатында қатты болды. Бастапқы, жойқын дүмпудің қуаты 7,5 балл болып, тарихи антирекорд орнатты. Көптеген мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар көмек көрсеткенімен, қарапайым халыққа жетпей жатыр. Адамдар қирандылар мен үйінділерді өздері қопаруға мәжбүр. Жер сілкінісінен кейін 2 күн өтсе де, жергілікті халық жас ана мен оның бір жарым жасар баласын құтқарып алды. Бірақ, бұндай бақыт барлығына бірдей бұйырмады.

ОМАР ГУАРИАТО, ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫН:

Біз жер сілкінісі басталған бетте бірден қашып шығуға тырыстық. Бірақ, бір сәтте қызым мен жиен немеремнен көз жазып қалдым. Бір байқағанымда үйінді басып қалды. Енді, оларды таба алмай жатырмын. Құтқарушылар мен биліктен қанша өтінсем де, көмектесетін емес.

АҚШ пен Иран атысты қайта бастады. Бірінші болып, Иран өзінің шахед дрондарымен Сингапурлық кемені шабуылдап, өртеп жіберген. Артынша, АҚШ әскері Иран жағасындағы дрон платформалары мен әуе қорғанысы кешендеріне әуеден соққы жасады. Иран, одан бөлек, Бахрейн мен Куейтке де шабуыл жасады.

АББАС АРАКЧИ, ИРАН СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Иран өзіне жауапкершілік ала отыра, өзін қорғау үшін кейбір шараларды қолдануғап мәжбүр. Қол қойылған келісімдерге және уағдаластықтарға қол сұғу әрекетіне біз дәл осылай жауап береміз. АҚШ әрекеттері жағдайды тек ушықтыра түседі.

Демократиялық партия коммунистік партияға айналды. Нью-Йоркты қазірдің өзінде Құдайдан безген адам басқарып отыр. Трамп, өзінің саяси қарсыластарын қатаң сын астына алды. АҚШ Президентінің айтуынша, олар, дәстүрлі америкалық өмір сүру қалпын бұзғысы келеді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Америкада коммунизм белең алып барады. Олар социал-демократ та емес. Нағыз, барып тұрған коммунистер. Тарихи қателікті қайталауға болмайды. Бұның арты неге алып келетінін жарты ғасыр бұрын көргенбіз. Нью-Йоркта жақында билікке келген адамдар біздің елімізді құрдымға кетіргіңсі келеді. Олар, Құдайға сенбейді. Ар-ұяттан безген. 250 жылдық тарихымызда АҚШ үшін ең үлкен қауіп, дәл осы коммунизм тарап кеткен – демократтар. Себебі, бұрынғы демократтар қазір жоқ.

Әйгілі Эйфель мұнарасын найзағай өртеп жібере жаздады. Аптап ыстықтан кейін, Франция астанасын нөсер жауын мен дүлей дауыл да әбігерге салды. Табиғаттың тосын мінезінен шошыған Париж тұрғындары жапа-тармағай қаша жөнелген. Жергілікті билік мәліметінше, бүкіл ел аумағында кеше түнде 13 мың рет найзағай соқса, дәл Париж символының өзіне 100 аса табиғи тоқ ұрды.