Қазақстан мен Грузия арасындағы стратегиялық әріптестік жаңа деңгейге көтерілмек

Қазақстан мен Грузия арасындағы стратегиялық серіктестік жаңа деңгейге көтерілді. Бүгін Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  елімізге ресми сапармен келген  Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидземен шағын құрамда кездесу өткізді. Ресми сапар аясында екі ел үшін маңызы зор стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойды.  Қазақстан үшін Тбилиси уақыт тезінен өткен, дәстүрлі әрі сенімді серіктес. Қасым-Жомарт Тоқаев Грузия Үкіметінің басшысымен кездесуде екі ел арасындағы тығыз байланыстың алдағы уақытта да жалғаса беретінін айтты. Әсіресе, экономикалық және гуманитарлық бағыттағы ықпалдастыққа ерекше екпін берілді. Президент бұл сапардың екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беретініне сенімді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мемлекет басшысы ретінде ынтымақтастығымыздың қарқынды дамып, нәтижелі болуына барлық күш-жігерімді жұмсаймын. Сіздер Қазақстанның стратегиялық серіктесі саналасыздар. Еліңізбен достықты және ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз. Қазақстандықтар Сіздің еліңіз бен халқыңызды шын мәнінде құрметтейді. Бүгінде көптеген туристеріміз Грузияға барып, жақсы көңіл-күймен оралып жүр. Әрине, әлі де іске асырылмаған мүмкіндіктеріміз мол.

Қазақстандықтар үшін Грузия бүгінде тек саяси серіктес емес, ең танымал туристік бағыттардың біріне айналған. Өз кезегінде Ираклий Кобахидзе Қазақстанға ресми сапармен келу ол үшін үлкен мәртебе екенін жеткізді. Ол бауырлас екі елдің достығы ортақ құндылықтарға негізделгенін атап өтті. Бұл кездесу екі ел арасындағы әлі де іске асырылмаған зор әлеуетті толық пайдалануға жол ашпақ.

ИРАКЛИЙ КОБАХИДЗЕ, ГРУЗИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Біз Грузия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасқа ерекше мән береміз. Серіктестігіміздің стратегиялық сипат алғаны қуантады. Ынтымақтастығымыздың негізгі мәні де осында. Алайда, Өзіңіз атап өткендей, жүзеге аспаған әлеуетіміз жетерлік. Сондықтан оны толық іске асыруға күш салуымыз керек. Елдеріміз арасындағы берік саяси және экономикалық, сондай-ақ білім беру, мәдениет және басқа да көптеген салалардағы ықпалдастықты қолдаймыз.