Декреттегі аналар да мерекеде жұмысынан сыйақы алуына болады

Елімізде бала күтіміне байланысты демалыста отырған аналар да мерекелік сыйақы алуға құқылы. Еңбек кодексінде бұған ешқандай тыйым салынбаған. Бірақ жұмысқа орналасар кезде келісім шартпен мұқият танысу керек. Алайда сыйақының мемлекеттен алатын жәрдемақыға кесіре тиіп кетуі де мүмкін. Ол үшін нені ескеру керек. Назерке Алтынбек түсіндіріп береді.

Үш баланың анасы Айгүл Құрманбаева алғашқы екі перзентінде мемлекеттік жәрдемақыны ғана місе тұтқан. Ал соңғы құрсағында құқығын талап етуді жөн санапты. Ол үшін заң нормаларын зерттеп, тиісті құжаттарды алдын ала әзірлеген. Нәтижесінде, демалыста болса да, мереке кезінде жұмыс орнынан сыйақы алып отырған.

АЙГҮЛ ҚҰРМАНБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Иә, алып отырдым. Құжаттарыңды реттейсің, сол кезде қандай көмектер бар деп сұрайсың. Сосын мән-жайды айтады, соған қарай әрекет жасап, құжаттарыңды жинап, тапсырасың.

Қоғамда Айгүл секілді өз құқығын қорғай алатын аналар некен-саяқ. Тіпті, баланы дүниеге әкелгені үшін берілетін негізгі декреттік төлемнің өзін даулап ала алмай жүргендер бар. Көпшіліктің бұл тиімділік туралы хабары да аз болып шықты.

БЛИЦ:

- Жо-жоқ, алмағанбыз.

- Не то что премия, декреттіктің өзін бермеген.

Алайда мұндай сыйақыны үлестіру кез келген мекеме үшін міндетті емес. Мәселенің нүктесін жұмыс берушінің ішкі тәртібі мен ұжымдық келісімшарты қояды. Сондықтан заңгерлер еңбек шартына қол қоймас бұрын, әрбір тармақты мұқият оқып шығуды ескертеді.

НҰРЛАН ЖАҢАБАЕВ, ЗАҢГЕР:

Декреттік демалыс кезінде де сыйақы төлене береді. Бұған заңда ешқандай шектеу қойылмаған. Оған жұмыс берушіге құқық берілген.

Бірақ бұл ретте тағы бір маңызды ескерту бар. Мемлекеттен бала күтіміне байланысты субсидия алып отырған аналар абай болуы қажет. Төлем жүйесі цифрландырылғандықтан, жұмыс орнынан аударылған сыйақыны база ана жұмысқа қайта оралды деп қабылдауы мүмкін. Соның салдарынан мемлекеттік көмек автоматты түрде тоқтап қалады. Ондай жағдайда әбігерге түспеудің де өз жолы бар.

ГУЛЬБАГИЛА БОЛАТБЕКОВА, «МЕМЛЕКЕТТІК ӘЛЕУМЕТТІК САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ» АҚ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Кез келген уақытта әйел азаматы үшін жұмыс орнынан сондай сыйақылар түсуі мүмкін. Ондай кезде ол кісі жұмыс орнынан мен жұмысқа кірген жоқпын, әлі де декреттемін деген анықтама алып келеді. Сол кезде тоқтатылып тұрған субсидия ары қарай қайта жалғастырылатын болады.

Демек, заң жүзінде декреттегі ананың да мерекелік премиядан қағылуы тиіс емес. Тек ол үшін жұмысқа тұрар сәтте еңбек шартын егжей-тегжейлі зерделеп, құқықтық сауаттылық таныту қажет. Ал кенеттен түскен сыйақы үшін мемлекеттік субсидиядан айырылып қалмас үшін, халыққа қызмет көрсету орталығына уақытылы анықтама өткізуді ұмытпаған жөн.