Тағдырдың сынағына мойымай, мықтылығын дәлелдеген жандар елордада бас қосты. «Әділет» партиясының қолдауымен дәстүрлі «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығы табысталды. Биыл халықаралық деңгейге шыққан жоба әлемдік рекордшылар мен ел мақтаныштарын бір алаңда тоғыстырды. Адами құндылықты алдыңғы шепке шығарған салтанатты кеш туралы Аяулым Изатқызының бейнематериалында.
Өнер мен ерік-жігерде ешқандай шектеу жоқ. Осыдан жиырма жылға жуық уақыт бұрын негізі қаланған «Жан Шуақ» сыйлығы бүгінде қоғамда инклюзияны дамытып, теңдік идеясын ілгерілетудің басты бағытына айналды. Биылғы марапат иегерлерінің арасында паралимпиада чемпиондарынан бастап, робототехника мен IT саласын бағындырған жастар бар. Шараға арнайы қатысқан «Әділет» партиясының өкілдері мұндай бастамалар елдегі реформалармен тікелей үндесетінін жеткізді.
АЙБЕК ДӘДЕБАЙ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Бірінші шілдеден бастап жаңа Ата заңымыз күшіне енеді. Бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан әділетті Қазақстанды құру реформаларының берік құқықтық негізі. Ата заңымызда мемлекеттің ең жоғары құндылығы - адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп анық жазылған. Бұл қағидалар партиямыздың ұстанымдарымен үндесіп жатыр. «Әділет» партиясы үшін адамның қадір-қасиетін қорғау, оған тең мүмкіндік сыйлау - басты құндылықтарының бірі.
Ел ішіндегі талай таланттың жұлдызын жаққан жоба биыл да тосынсыйға толы болды. Түрлі номинация бойынша үздік шыққандардың арасында отандық танымал музыкант Кенжебек Нұрдолдай да бар. Ол байқауға алғаш рет қатысып, бірден лауреат атанды.
КЕНЖЕБЕК НҰРДОЛДАЙ, ЛАУРЕАТ:
Мәдениет, даму және креативті индустрия номинациясы бойынша марапатқа ие болып, лауреат атандым. Өте қуаныштымын, алғысым шексіз. Бұл сыйлық жігерлі жандардың үні естілуі керек екенін және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ешқандай шектеу жоқ екенін, олардың мүмкіндігі шексіз екенін білдіреді. Меніңше, еліміздегі ең мықты, бірегей тұлғаларды таныту үшін мұндай сыйлықтар көптеп ұйымдастырылуы тиіс.
Биыл іс-шара тек отандық деңгеймен шектелмей, халықаралық сипат алып, шетелдік меймандарды да қамтыды. Кештің мәртебелі қонағы - ресейлік параальпинист Рустам Набиев. Екі аяғынан айырылса да Эльбрус пен Эверест шыңдарын қос қолының күшімен бағындырған әлемдік рекордшы Астанадағы шараның деңгейіне жоғары баға берді.
РУСТАМ НАБИЕВ, АЛЬПИНИЗМНЕН ӘЛЕМДІК РЕКОРДШЫ:
Шараның ұйымдастырылуы мен ауқымы өте керемет, таңғалдырды. Мемлекеттің осындай жобаларға және ерекше жандарға қалай қолдау көрсетіп жатқанын көру мен үшін үлкен мәртебе болды. Өйткені мұндай жандар көбіне тасада қалып қояды. Осындай жылы қарым-қатынасты көру, әсіресе жобаның халықаралық деңгейге шығып, өзге елдерден қонақ шақыра бастағаны өте қатты әсер қалдырды, шынымен де үлкен жұмыс атқарылған.
Ұйымдастырушылар игі шараны алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғастыра бермек.