Соңғы бес айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда туберкулезге қатысты негізгі эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша тұрақты оң динамика сақталуда.
Осы кезеңде туберкулезбен сырқаттанушылық деңгейі 13,1%-ға төмендеп, 100 мың тұрғынға шаққанда 28,6 жағдайды құрады. Аурудың таралу көрсеткіші 14,0%-ға азайып, 100 мың тұрғынға шаққанда 37,0 жағдайға дейін төмендеді. Ал туберкулезден болатын өлім бірден 25,0%-ға қысқарып, 100 мың тұрғынға шаққанда 0,7 жағдайды құрады.
Оң динамика балалар арасында да байқалады. 0–17 жас аралығындағы балалар арасында туберкулезбен сырқаттанушылық 5,7%-ға төмендеді. Сонымен қатар, 2024 және 2025 жылдары елімізде балалардың арасында туберкулезден қайтыс болудың бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ.
Қазақстанда туберкулезді анықтау, диагностикалау, емдеу және оның алдын алу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүзеге асырылады. Бүгінде елімізде ауруды және оның қоздырғышының дәріге төзімділігін небәрі екі сағаттың ішінде анықтауға мүмкіндік беретін заманауи жедел диагностикалық әдістер қолданылады.
Емдеу барысында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған толықтай таблетка түріндегі заманауи қысқа мерзімді емдеу сызбалары пайдаланылады. Дәріге сезімтал және дәріге төзімді туберкулезді емдеудің тиімділігі ДДҰ-ның халықаралық стандарттарына сәйкес келеді.
Туберкулездің алдын алу шараларына ерекше назар аударылады. Бүгінде профилактикалық емдеудің тиімділігі 92,8%-ға жетті.
Қазақстанда пациентке бағдарланған медициналық көмек көрсету моделі де жүйелі түрде дамытылуда. Биылғы жылдың алғашқы бес айында пациенттердің 70%-ы емдеудің алғашқы күнінен бастап амбулаториялық жағдайда ем қабылдады. Олардың 39,2%-ы смартфондар арқылы бейнебақылаумен жүргізілетін ем қабылдаса, 57,5%-ы тікелей бақыланатын ем кабинеттерінде емделді. Ал 3,3%-ы күндізгі стационар жағдайында немесе мобильді бригадалардың көмегімен ем алды.
Амбулаториялық ем қабылдап жатқан пациенттердің 95%-дан астамы әлеуметтік қолдау шараларымен қамтамасыз етілген.
Туберкулез – ауа-тамшы жолы арқылы берілетін жұқпалы ауру. Дегенмен, дер кезінде анықталып, емдеу курсы толық сақталған жағдайда бұл дерт толық емделеді.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі туберкулезбен сырқаттанушылық пен өлімді төмендету, профилактикалық бағдарламаларды кеңейту және туберкулезді қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы мәселе ретінде толық жою жөніндегі стратегиялық мақсатқа қол жеткізу бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастыруда.