Құрылтай жылдар бойы қалыптасқан бірегей парламенттік мәдениетті одан әрі дамытуға баса мән беруге тиіс – Тоқаев

Ақорда

Сегізінші шақырылым депутаттары Үкіметке 2 мыңнан астам сауал жолдады. Сондай-ақ 31 Үкімет сағатын және 9 Парламент тыңдауын өткізді. Қос палатаның комитеттері белсенді әрі жемісті жұмыс істеді.

"Бір палаталы Құрылтай жүйесіне көшкен соң заң шығарушы органның комитеттері де мемлекет саясатының басым бағыттарын негізге ала отырып, құрылғаны жөн.

Осы жылдар ішінде депутаттық корпус азаматтармен ашық әрі тиімді байланыс жүйесін қалыптастырды.

Атап айтқанда, партия жобаларын табысты жүзеге асырды. Сондай-ақ тұрақты түрде аймақтарға барып, жұртшылықпен кездесіп отырды. Қоғамдық қабылдаулар кезінде азаматтардың талап-тілектерін назарға алып, өзекті мәселелердің шешім табуына ықпал етті.

Парламент беделді ғалымдарды, байыпты сарапшыларды және қоғам белсенділерін ортақ мүддеге біріктірген орталыққа айналды.

Сенат жанындағы сарапшылар клубы мен Мәжіліс жанындағы қоғамдық палата осы бірегей зияткерлік экожүйенің берік тірегі болды. Бұл құрылымдар сындарлы диалогті дамытып, заң жобаларын жан-жақты талдауға жол ашты», – деді Президент.