Мәжіліс пен Сенат соңғы бірлескен отырысын өткізіп, 148 депутат өз өкілеттілігін тоқтатты

Бүгін Мәжіліс пен Сенат соңғы бірлескен отырысын өткізіп, 148 депутат өз өкілеттілігін тоқтатты. Қазақстанның саяси тарихындағы қос палаталы Парламент дәуірі ресми түрде аяқталды. Ертең Конституциялық өзгерістер  күшіне енеді. Мемлекет басшысы бұл қадамды "мемлекет ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу" деп атады. Саяси реформаның егжей-тегжейі мен отыз жылдық заң шежіресін әріптесім Ақбота Базарбай тарқатады.

АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Бүгін Қазақстанның саяси тарихындағы тұтас бір дәуір аяқталды. Отыз жылдан астам уақыт бойы елдің заң шығару қызметін жүзеге асырған қос палаталы Парламент соңғы рет бірлескен отырыс өткізді. Ертеңнен бастап жаңа Конституция күшіне еніп, Мәжіліс пен Сенаттан тұратын жүйе тарих қойнауына кетеді. Оның орнына бір палаталы Құрылтай жұмысын бастайды. Сондықтан бүгінгі отырыс жай ғана парламенттік сессияның аяқталуы емес, тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесіндегі ең ірі институционалдық өзгерістердің бірі.

1995 жылдан бастап жұмыс істеген кәсіби Парламент ширек ғасырдан астам уақыт ішінде еліміздің берік негізін қалады. Нарықтық экономикаға көшу кезінде маңызды заңдар шығарып, дағдарыс жылдарында жедел шешім қабылдайтын басты орталыққа айналды. Сын сағаттарда елдің тыныштығы мен тәртібін сақтауда үлкен рөл атқарған бұл органның еңбегін Мемлекет басшысы   ерекше атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүгінгі Парламенттің қос Палатасының бірлескен отырысының тарихи мән-маңызы айрықша деп айтсақ, дұрыс болар. Бұл дүйім халқымыз үшін де айқын нәрсе, ақиқат.  Бүгін біз мемлекетіміздің заң шығарушы органы – Парламенттің кезекті сессиясын аяқтап, Тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы тұтас бір дәуірді қорытындылап отырмыз. Осылайша, тереңнен тамыр тартқан мемлекеттігіміздің жаңа кезеңіне қадам басқалы тұрмыз. Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын елімізде тұңғыш кәсіби Парламент құрылды. Мүлде жаңа институционалдық үлгіге көшкен заң шығарушы орган мемлекеттігімізді нығайтуға елеулі үлес қосты, сондай-ақ еліміздің құқықтық негізін қалыптастыру және нарықтық экономиканы орнықтыру ісінде маңызды рөл атқарды.

Парламент қабырғасында 30 жылда 3 жарым мыңнан астам заң мақұлданған. Бұл заңдардың артында шекарамызды қорғау, ел қауіпсіздігі мен халықтың әл-ауқаты тұр. Әсіресе, соңғы үш жыл депутаттар үшін үлкен сын болды. Осы уақытта мемлекетті жаңартуға арналған 300-ден астам заң қабылданып, Әділетті Қазақстан құруға жол ашылды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Осы тарихи сәтке орай, ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, елге мінсіз әрі адал қызмет еткені үшін барлық шақырылымдағы Мәжіліс пен Сенат депутаттарына шынайы ризашылығымды білдіремін. Әсіресе, Парламенттің қазіргі құрамына, яғни сіздерге алғысым зор. Бұл шақырылымды Қазақстанның жаңа тарихындағы ең мықты құрамның бірі деп сеніммен айтамын. Себебі сіздер мемлекетіміздің дамуындағы өте күрделі және шешуші кезеңде жұмыс істедіңіздер. Баршаңыз ел өмірінде болып жатқан ауқымды өзгерістердің бастауында тұрдыңыздар. Қаншалықты қиын болса да, түбегейлі өзгерістерді жүзеге асыру жолында табанды еңбек еттіңіздер. Сын сағатта жауапкершіліктен жалтармай, мемлекетіміз үшін аса қажетті реформаларды жүргізуге ұйытқы болдыңыздар.

Бірақ уақыт бір орнында тұрмайды. Әлемдегі геосаяси текетірес пен дағдарыс бізге де салқынын тигізіп отыр. Қазіргі басты міндет - ішкі нарықты ширатып, қымбатшылықты ауыздықтау және интернет пен технологиялық қауіпсіздікті күшейту. Президент бұл реформаны жай ғана кезекті өзгеріс емес, мемлекет атты үлкен үйдің іргетасын бекітіп, күрделі жөндеуден өткізу деп түсіндірді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Халықаралық ахуал уақыт өткен сайын күрделеніп, құбылып, тұрақсыздық белең алғанын көріп, біліп отырсыздар. Бұл жағдай жаһандық экономикаға орасан зардабын тигізіп жатыр. Бірақ еңсені түсіріп, үрейге бой алдыруға болмайды. Үкімет елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін барынша белсенді және ширақ жұмыс істеуге тиіс. Инфляцияны тежеп, оны мейлінше төмен деңгейге жеткізген жөн, сондай-ақ экономиканың қарқынын төмендетпей, керісінше, оның көрсеткіштерін ұлғайту қажет.

Жаһандық текетірес пен нарықтағы құбылысқа қарамастан, Қазақстан экономикасы өсім қарқынын жоғалтқан жоқ. Ел тарихында тұңғыш рет Жалпы ішкі өнім көлемі 300 миллиард долларлық межеден асты. Бұл ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Оған қоса, бес айдың қорытындысы бойынша инфляция 10,4 пайызға дейін төмендеп, ұлттық валютаның тұғыры беки түскен. Мемлекет басшысы Парламент қабылдаған жаңа Салық және Бюджет кодекстері ел қазынасын басқарудың тиімді тетігіне айналғанын жеткізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстанның қаржы жүйесі тұрақты. Ұлттық валютамыз да өз тұғырында нық тұр, сыртқы қауіп-қатерлерден сенімді түрде қорғалған деп айтсақ, қате болмайды. Жалпы, Парламент Үкіметпен және Ұлттық банкпен бірлесіп, тиімді жұмыс атқарды.

Жаңадан құрылатын бір палаталы Құрылтай заң қабылдау ісін жеңілдетіп, жұмысты айтарлықтай жылдамдатпақ. Құжаттарды ұзақ талқылап, уақыт созуға жол берілмейді. Оның үстіне, заман өзгерді. Жаңа дәуір Құрылтай алдына жасанды интеллектіні реттеу, халықтың жеке деректерін сақтау және киберқауіпсіздікті қорғау сияқты мүлдем жаңа, технологиялық міндеттер қойып отыр.

ЕРЛАН САИРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ VIII ШАҚЫРЫЛЫМ ДЕПУТАТЫ:

Өмір бір орында тұрмайды. Мынау қазір цифровизация, жасанды интеллект бізге жаңа заң нормаларын қабылдауды талап етеді. Сондықтан мына дата центрлер, цифровизация, әлеуметтік желілерге байланысты  жаңа заңдардың пайда болуы ол анық. Осыған байланысты  сол мамандықтар келу керек, сол азаматтар келу керек. Сондықтан менің ойымша Құрылтайдың болмысы да, санасы да мүлдем басқа болады.

Сарапшылар қауымы да қос палаталы модельден монопалаталық жүйеге көшуді - мемлекеттік басқарудың мобильділігін күшейтетін оңтайлы қадам деп бағалады. Парламент мыңдаған заңнан бөлек, кодекстер мен халықаралық құжаттарды қабылдады. Бұл заңдардың барлығы сайып келгенде елдің тұрақтылығы мен халықтың игілігіне тікелей қызмет етіп келеді дейді.

НҰРДӘУЛЕТ ЗАТИЛЛА, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚСЗИ САЯСИ ЗЕРТТЕУЛЕР БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІ САРАПШЫСЫ:

Отыз жылдық уақыт ішінде қос палаталы Парламент үлкен алдына қойған міндеттерді атқарып, жалпы айтқанда 3 жарым мыңға жуық заң қабылдап, оның ішінде 38 кодекс және 1400 халықаралық құжаттарды қабылдап, ел игілігіне бағытталған ауқымды жұмыстарды атқарды.

АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Артымыздағы бұл ғимаратта тәуелсіз Қазақстанның үш онжылдыққа жуық заң шығару тарихы жазылды. Мыңдаған заң қабылданып, елдің болашағына әсер еткен шешімдер осы жерде талқыланды. Бүгін сол тарихтың соңғы парағы жабылып отыр. 148 депутаттың өкілеттілігі ресми түрде аяқталды. Алдағы кезеңде заң шығару жүйесі жаңа форматта жалғасады. Сондықтан бүгінгі күн бір институттың жұмысы аяқталған сәт қана емес, Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесіндегі жаңа кезеңнің бастау алған күні.