Атырауда кезекті сот отырысында мемлекеттік айыптаушы қайын жұртын қырып тастаған Сәрсемалиевтің қылмысқа бару себебі айтты

Атырауда қайын жұртын қырып тастаған Сұлтан Сәрсемалиев әйелінің көзіне шөп салып,  өзге әйелмен жүріс жасаған. Опасыздығын біліп қалған Ақбаян Мұқанғалиева ата-анасы мен туыстарына айтып, ажырасуға арыз беріпті. Бүгін сот отырысында мемлекеттік айыптаушы сөз алып, өзгеріс енгізілген айыптау актісін оқып берді.  Осы оқиғадан соң Сәрсемалиевтің қайын жұртына деген өшпендік пайда болып, аса ауыр қылмысқа барған. Сот отырысына қатысқан әріптесім Базаргүл Нәдірқызы өзге де тың ақпараттармен бөліседі. 

Мемлекеттік айыптаушы Майра Ержанова жаңа айыптау актісінде сотталушы Сұлтан Сәрсемалиевтің  жантүршігерлік қылмысқа баруының басты себебін ашып айтты. 2022 жылдың жазында күйеуінің көзіне шөп салғанын білген бойда Ақбаян әкесі Мақсот Қарабалинді шақырып, балаларын алып кетіп қалған.  Сол жағдайдан соң қайын жұртына деген ашу мен ыза пайда болыпты.

МАЙРА ЕРЖАНОВА, МЕМЛЕКЕТТІК АЙЫПТАУШЫ:

Араларында туындаған опасыздық ,келіспеушілік салдарынан Мұқанғалиев Махамбет аудандық сотына заңды түрде арыз беріп, 2022 жылы Махамбет аудандық сотының  шешімімен Сәрсемәлиевпен Мұқанғалиев арасындағы заңды неке бұзылған. Сол кезден бастап Мұқанғалиеваның ата-анасы Қарабалин мен Өтешқалиеваға Сәрсемәлиевтің ашуы пайда болған.

2022 жылы Ақбаян Махамбет аудандық сотына  ажырасуға талап арыз берген. Сот сол жылдың шілде айында қанағаттандырған. Ол кезде Ақбаянның ақыл-есі сау  болған. Сәрсемалиев та әйелінің үстінен жүріс жасағанын мойындап, онысын әйелінің туыстарына айтқанына реніш білдірген . Бұл туралы судья  айтты.

ЗАРЕМА ХАМИДУЛЛИНА, ОБЛЫСТЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:

Берген түсінігінде талап қоюдағы уәждерін түсіндіріп,  жауапкерге деген ешқандай сезімінің қалмағандығын, өзіне опасыздық жасаған әрекетіне жиіркенетінін  онымен бір отбасы, ерлі-зайыпты болып тұрғысы келмейтінін, татуласуға берілген мерзім  нәтижесіз болғанын айтып, некені  бұзу туралы талабын қанағаттандыруды сұрады.  Жауапкер Сәрсемалиев  бірінші сот отырысына қашықтықтан қатысып,  опасыздық жасаған әрекетін ағайын-тумаға жария етпей,  зайыбының құпия сақтауға болатынын,  алайда олай жасамағанын, әйел ретінде қатып қалған ұстанымы барын, өзімен санаспайтынын  онымен тіл табысып отбасы болып тұра алмайтыын айтып,  некені бұзуды сұрады.

Жәбірленуші тарап адвокаты бұл құжатты қылмыстық іс материалына тіркеуді сұрады.

ШЫНАР НҰРМҰРАТҚЫЗЫ, ЖӘБІРЛЕНУШІЛЕРДІҢ АДВОКАТЫ:

Сот процесінде мойындаған жоқ. Алайда  айыптау актісі жарияланып,  осы Сәрсемалиевтің іс-әрекетінің барлығы опасыздық жасауынан басталып отыр ғой. Сондықтан бүгінгі таңда сот процесіне Махамбет аудандық сотының 2022 жылы шешімін сұратқан болатынбыз. Және оны іс материалдарына тіркеуді сұрадық. Біріншіден, Ақбаян сол кезде өзінің есі дұрыс болған, ақыл-есі дұрыс. Неке бұзуға  өз еркімен арыз жазған. 

Мемлекеттік айыптаушы ұсынған жаңа айыптау актісінде  бірнеше  өзгеріс бар. Мәселен, Сәрсемалиев  Қарабалин мен Өтешқалиеваға қатысты қылмысқа, бұрын жасаған қылмысты, яғни Наурызды өлтіргенін жасыру үшін барды деген айып тағылды. Сондай-ақ «Мал ұрлығы» және «интернет алаяқтық» бабы қосылды.