Алматы облысында алапат өрт 30-ға жуық адамды баспанасыз қалдырды

  • AstanaTV
  • 30 маусым 2026

Алматы облысында бір мезетте сегіз үйді өрт шарпып, 30-ға жуық адам баспанасыз қалды. Тұрғындар қайғылы жағдайға жергілікті әкімдікті кінәлайды. Айтуларынша, уақытында кесілмеген қураған терек құлап, электр сымын үзген. Соның салдарынан тоқ  тұрғын үйлердің біріне түсіп, өрт шыққан.

Тұрғындардың айтуынша, оқиғаның алдын алуға мүмкіндік болған. Олар құлағалы тұрған ағаш электр сымдарын үзіп кетуі мүмкін екенін айтып, әкімдікке бірнеше рет өтініш білдіріпті. Алайда, ешқандай шара қабылданбады дейді. Салдарынан,  ағаш құлап, желі үзілген,  өрт шыққан.

КЕНЖЕГҮЛ НУСИПОВА, ТҰРҒЫН:             

Гүрс етіп есіктің алдына құлады. Жүгіріп-жүгіріп шықтық. Свет резко өшіп қалды. Аспанға қарап едік тоқтың бәрін үзіп тастапты. Ешқандай связь болмады, интернет жоқ сөйтіп кеттік бір-бірімізге хабарласа алмай кеттік сол арада. Ата келді да сенің үйіңнің төбесінен искра беріп жатыр, замыкание болып жатыр. Шоқтай болып уже жанып жатты.

ӘМІР САЛМҰРЗАЕВ, ТҰРҒЫН:

Подстанция светті өшір деп айтайық десек алмайды телефонды. 40-50 минуттан кейін ба келді әйтеуір пожарный. Бірақ суы жоқ. Содан кейін әйтеуір су іздеп кетті. Одан кейін уже өрт деген лаулап жатқан кезде келді.

ҒАЗИЗА ӘМІРБЕК, ТІЛШІ:

Тілсіз жаудың  кесірінен 6 отбасы панасыз қалды. Қызыл жалын жапсарлас салынған 8 үйге түгел жайылып, баспаналардың сау-тамтығы қалмай жанып кеткен.  Өрт 3 күн бұрын болған, алайда әлі бықсып, түтіндеп жатыр.

Ал әкімдік тұрғындар өтініші оқиғадан бір күн бұрын ғана ресми түрде түсті дейді.  Мамандар жұмысқа кіріскенше ағаш құлап, қайғылы жағдайға себеп болған. Ауылдық округ әкімінің айтуынша, кесілетін ағаштардың өз кезегі бар, бірақ бұл талға кезек әлі жетпеген.

ЕРКІНБЕК АБИРОВ, БЕЛБҰЛАҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Жауапкершілікті ешкім алып тастап жатқан жоқ. Барлық тиісті шаралар қабылданатын болады. Көмек көрсетіледі. Үйді қалпына келтіруге бола ма, болмай ма ол қорытынды берілгеннен кейін ғана қарастыралатын мәселе. Анықталғаннан кейін.

Баспанасынан айырылған халық енді көшеде түнеп жүр. Тұрғындардың айтуынша, қазір үйлердің қабырғасы да әрең тұр, қалпына келтіруге жарамайды. Сондықтан жұрт өртенген үйді толық бұзып,  орнына жаңасын салып беруді талап етеді.