Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» АҚ директорлар кеңесінің отырысын өткізді.
Олжас Бектенов Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қойған міндеттерді жедел орындаудың маңыздылығын атап өтті.
«Мемлекет басшысы елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету бойынша күш-жігерді арттыруды тапсырды. Президент экономикалық өсу, көлік-логистикалық, энергетикалық және цифрлық инфрақұрылымды дамыту бойынша міндеттер қойды. Еліміздің инфрақұрылымдық қаңқасын нығайту жолында "Самұрық-Қазына" қоры да маңызды рөлге ие. Барлық жауапты мемлекеттік органдар, оның ішінде Қор басшылығы мен топтың компаниялары өздерінің күш-жігері мен ресурстарын барынша жұмылдырып, аталған ауқымды жұмысқа дереу кірісуі қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Директорлар кеңесі отырысының күн тәртібінде Қор қызметінің негізгі өндірістік және қаржылық көрсеткіштері, негізгі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысы қаралды.
«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов Мемлекет басшысының экономиканы дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Қор соңғы үш жылда жалпы құны 3,3 трлн теңге болатын 35-тен астам инвестициялық жобаны аяқтағанын баяндады. Жаңа энергетикалық қуаттар мен электр желісі инфрақұрылымының нысандары пайдалануға берілді, мұнай-газ саласының нысандары жаңғыртылды, теміржол желілері мен контейнерлік хабтарды қоса алғанда, көлік инфрақұрылымы кеңейтілді. Сондай-ақ халықты ауыз сумен қамтамасыз ету және өңірлерді газбен қамту жобалары жүзеге асырылды.
Қордың мәліметі бойынша биыл жалпы құны 3,3 трлн теңге болатын 16 инвестициялық жобаны аяқтау жоспарланып отыр.
Көлік саласында «Мойынты – Қызылжар» және «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желілерінің құрылысы, «Алтынкөл – Жетіген» және «Бейнеу – Маңғыстау» учаскелерін жаңғырту, Достық – Алашанькоу учаскесінде екінші жолдарды салу, сондай-ақ теміржол учаскелерінде автобұғаттау жүйесін енгізу көзделген.
Мұнай-газ және энергетика салаларында жылына 1 млрд текше метр газ өңдейтін Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытын, Air Liquide Munay Tech Gases компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан Павлодар мұнай-химия зауытындағы сутегі өндіру қондырғысының, Алматы ЖЭО-2-нің, Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысының, сондай-ақ ENI компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан гибридті электр станциясының құрылысын аяқтау көзделген.