Атырауда көлік әйнегін заңсыз қараңғылатқан жүргізуші жауапқа тартылды

Polisia.kz

Автокөліктің алдыңғы бүйір әйнектерін заңсыз қараңғылату – жол қозғалысы қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіретін құқық бұзушылықтардың бірі. Мұндай өзгеріс жүргізушінің көру мүмкіндігін шектеп, әсіресе түнгі уақытта немесе қолайсыз ауа райы жағдайында жолдағы ахуалды толық бағалауға кедергі келтіреді. Соның салдарынан жол-көлік оқиғаларының туындау қаупі артады. 29 маусым күні сағат 20:15 шамасында кезекті рейд барысында Атырау қаласындағы Бейбарыс даңғылында полиция қызметкерлері алдыңғы бүйір әйнектері заңсыз қараңғылатылған Toyota Land Cruiser 300 автокөлігін тоқтатты. Арнайы өлшеу құрылғысымен жүргізілген тексеру нәтижесінде көлік әйнектерінің жарық өткізу көрсеткіші небәрі 54 пайызды құрап, қолданыстағы мемлекеттік стандарт талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Нәтижесінде 36 жастағы жүргізушіге көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, автокөлік арнаулы тұраққа қойылды. Сонымен қатар көлік тіркелген мекеменің жауапты өкіліне техникалық ақауы бар көлік құралын пайдалануға шығарғаны және пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін де әкімшілік хаттама рәсімделді. Жыл басынан бері Атырау қаласында алдыңғы бүйір әйнектерін заңсыз қараңғылатқан 150-ден астам жүргізуші анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың арасында бұл құқық бұзушылықты бірнеше рет қайталаған жүргізушілер де бар. Полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Жолдағы тәртіп пен қауіпсіздік – әрбір жүргізуші мен жол қозғалысына қатысушының ортақ жауапкершілігі.