Халыққа қызмет көрсету орталықтары «Халықтың цифрлық кеңселері» болып өзгереді

фото: egov.kz

Елдегі мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді және оған жасанды интеллект құралдары кеңінен енгізілуде. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары - жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айттты.

 Ұлттық жасанды интеллект платформасы AI-агенттерді əзірлеу, аударма жасау, хаттамалау жəне қызметтік хат-хабарларды дайындау үшін пайдаланылуда. e-Otinish AI жүйесінде азаматтардың 2 миллионнан астам өтініші ЖИ көмегімен өңделді. Бірыңғай QazTech платформасы толық іске қосылды. Жыл басынан бері платформадан тыс жаңа ақпараттық жүйелерді əзірлеуге мораторий енгізілді. 2027 жылдың соңына дейін орталық мемлекеттік органдардың негізгі ақпараттық жүйелерінің барлығын платформаға көшіру жоспарланған, - деді Ж. Мәдиев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Сонымен бірге, еліміз eGov жəне eGov Business жаңа буынын дамытып, AI-ассистенттер жəне проактивті мемлекеттік қызметтер моделіне көшіп жатыр.

 Халыққа қызмет көрсету орталықтары Халықтың цифрлық кеңселері болып жаңғыртылады. Халық пен мемлекеттің біріңғай коммуникация каналы ретінде AITU ұлттық экожүйесі дамытылып келеді. Ал e-Parliament платформасының сынақ нұсқасы іске қосылды. Бір палаталы Құрылтайдың жаңа моделіне бейімдеу жұмыстары жүргізілуде, - деді сала министрі.

Жасанды интеллект жəне цифрлық даму министрлігі ішкі процестерді жүйелі AI-трансформациялауға алғашқылардың бірі болып көшуде. 151 бизнес-процесс реинжинирингтен өтті. Министрліктің 300 қызметкері ЖИ дағдылары бойынша оқытудан өтті.

 Министрліктің 180-нен астам қызметкері vibe coding бойынша оқудан өтті. Бұл күнделікті қайталанатын міндеттерді оңтайландыруға жəне талдамалық əрі анықтамалық материалдарды дайындауды жеделдетуге мүмкіндік береді, - деді Ж. Мәдиев.